МТРА жаңалықтары

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы

Петропавлда облыстық әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында 6 мәселе көтерілді. Жауапты орган өкілдерінің заңбұзушыдан әкімшілік айыппұл өндірмеуі, мемлекеттік қызметшінің кәсіпкерлікпен айналысуы және өзге де тәртіптік істер қаралды.

 

Алғаш болып әдеп жөніндегі кеңесте мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Төлеген Қабдөшев пен Айыртау аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ильдар Әлкеновтың тәртіптік ісі қаралды. Бұл екеуіне облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Самат Темірбаев мынандай айып тағады.

Самат Темірбаев – СҚО мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры:

 

– 2016 жылы “Сырымбет” АҚ Орлиногор орман шаруашылығының аумағында ағаш кесіп, табиғатқа зиянын келтіреді. Сөйте тұра мекеме шығынды өтемейді. Осылайша іс былтыр сотта қаралады. Онда жер қойнауын пайдаланушылардың кінәсі дәлелденіп, 34 млн теңге айыппұл салынады. Бұл соманы тәртіп бұзған кәсіпорын кешіктіріп болса да толығымен өтеген. Міне, осы сәтте іске мемлекеттік кірістер органдары кірісуге міндетті. Олар заңды тұлғаны жауапқа тартып, төлемді уақытында жасамағаны үшін жазалауға тиісті еді. Алайда, ондай жұмыс жүргізілмеген.

Яғни, Самат Темірбаевтың сөзінше мемлекеттік кірістер органдары заңды тұлғаны әкімшілік жазаға тартып, одан 10 млн теңгеден аса төлемді өндіріп алуы тиісті екен. Бұны Төлеген Қабдөшев жоққа шығармайды. Бірақ, азамат прокурорлар істі уақытында қозғағанда, жауапты тараппен жұмысты бірден бастар едік деп отыр.

Төлеген Қабдөшев – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:

 

– Сіздер заңбұзушылықты қаңтар айында анықтадыңыздар. Бірақ, маған бұл іс жайлы хабар маусымда бірақ жетті. Яғни, арада біршама уақыт өткен соң ғана біз орын алған жағдаймен таныстық. Осы ретте айта кетейін, біз олқылықты прокуратура дәлелдеген күннен бастап 2 айдың ішінде іске қатысы бар тарапқа айыппұл салу қажетпіз. Ал, бұл жерде уақыт өтіп кеткен. Сондықтан, біз осы бойынша жұмыс жүргізбедік.

Енді әңгіменің ауаны Айыртау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ильдар Әлкеновке ауды. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері, міне осы азамат оқиғаны бұрыннан бақылап отыруға тиіс болатын. Сонда жер қойнауын пайдаланушы тарапынан айыппұлды төлеу процесі ұзаққа созылмас еді дейді. Осы үшін Әлкеновке қатаң сөгіс жариялау туралы ұсынылды.
Кейін, Аққайың ауданына қарасты Астрахан селолық округының басшысына қатысты тәртіптік іс қаралуы тиіс болатын. Ол аудандық әкім аппаратының қызметкеріне кәсіпкерлікпен айналысатындығы жайлы негізсіз айып тағыпты. Бірақ, мемлекеттік қызметкер ауырып қалғандығына байланысты жиынға келе алмады. Сол себепті, іс кейінге шегерілді. Бұдан соң, кеңес отырысында тағы 4 мәселе талқыланды.

Сұлтан Магамедов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

 

– 4-ші тәртіптік іс Мамлют аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Амир Бектимировке қатысты. Ол өзінің қызметін елемей, кәсіпкерлікпен айналысады деген күдік бар. Тексеріс кезінде азаматтың әйелі шаруа қожалығының директоры екендігі анықталды. Сол кәсіпкерлікте жұмыс істейтін мамандардан сұрау жүргіздік. Комбайншы Котов / Бектимиров мырза өзі бірнеше рет алқапқа апарып әкелді және жанармай тасыды деп айтты.

Бұнымен Амир Бектимиров келіспейді. Ол кәсіпкерлікпен тек әйелі ғана айналысатынын айтып отыр. Тіпті, қызметкерлерді басқа біреу тасыған шығар деп ақталды.

Амир Бектимиров – Мамлют ауданы экономика және қаржы бөлімінің басшысы:

 

– Менің зайыбым 98-ші жылы әкесінің көмегімен заңды түрде шаруа қожалығын аштты. Содан бері оның жұмысына мүлде араласқан жоқпын. Ол өзі бизнеспен айналысып жүр. Ал, мына тағылып отырған айыппен мен келіспеймін. Әйелімде ақ машина бар. Онымен өзі немесе туысымыз Есенюк жүреді. Міне, Котов сол азаматпен шатастырып алған шығар.

Амир Бектимировке кеңес мүшелері қатаң жаза қолданбады. Оған жай ғана мемлекеттік қызметшінің құқықтары туралы айтып, әріптестері арасында түсіндіру қажеттігін ескертті.
Бұдан кейін тағы бір мәселенің қаралуы бақандай бір жарым сағатқа созылды. Мұнда алдымен Ғабит Мүсірепов аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Эльмира Қарабаеваға қатысты тәртіптік іс талқыланды. Ол ата-анасы анықталмаған 1 жастан асқан балаға қамқоршылық және қорғаншылық ережелеріне сай жұмыс жүргізбепті. Сол үшін қатаң сөгіс жариялау туралы ұсынылды. Бұл оқиғаға Тимирязев аудандық білім бөлімінің басшысы Армат Күзеубаевтың да қатысы бар. Ол жаңағы бүлдіршінді құжаттары толық емес отбасыға патронаттық тәрбиеге берген. Осыған байланысты Тимирязев ауданының басшылығына Армат Күзеубаев қызметіне толық сай емес деп шешім шығару туралы ұсыныс жасалмақ.

Байболат  Култанов