МТРА жаңалықтары

Петропавлда үлкен теннистен турнир өтті

Ақпанның 9-ы мен 10-ы күндері Петропавлда алғаш рет  үлкен теннистен турнир өтті. 27 теннисшінің басын қосқан сайыс 2-күнге созылды.

Облысымызда теннис спортын дамыту мақсатында өткізілген бұл турнирде қатысушылар 2 категория бойынша сынға түсті. Бірінші топта тенниспен бір жыл көлемінде айналысқандар болса, келесі категорияда тәжірибелі дегендер сайысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттың бұл түріне қызығушылық танытқандардың саны жыл санап артып келеді.

Нұрлан Әбдірахманов – Теннис орталығының директоры:

 – Біздің облысымызда үлкен теннистен жарыстың өтуі – айтулы оқиға. Бұл турнирдің мақсаты – салауатты өмір салтын ұстанатындардың санын арттыру. Орталығымыз былтыр ашылған болатын. Бүгінде мұнда 80-ге жуық теннисші жаттығады.

Мәдина Омарова – бұған дейін талай сайыстарда топ жарып жүргендердің бірі. Бүгін де өз-өзіне сенімді. Бұған дейін Астанада жаттыққан жеткіншек қазіргі уақытта Петропавлдағы Теннис орталығына барып жүр.

Мәдина Омарова – турнирге қатысушы:

 – Теннис ойыны маған қатты ұнайды. Бұған дейін мен Астана, Павлодар қалаларында турнирлерге қатысып, жүлделі орындарды иеленген болатынмын. Алдағы уақытта басқа да жарыстарда үздіктер қатарынан көрінгім келеді.

Ал тағы бір қатысушы – Заманбек Жақсыбай. Ол бұған дейін волейболмен шұғылданған. Кейін уақыт өте келе ойын өзгертіп, тенниске бет бұра бастапты. Бүгінгі қарсыласымды ұту үшін барымды саламын дейді ол.

Заманбек Жақсыбай – турнирге қатысушы:

 -Мен оқып жатқан Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен жылы теннис клубы ашылған болатын. Содан бері мен осы спортпен шұғылдана бастадым. Көрсетіп жатқан нәтижлеріме көңілім толады.

Жарыс аяқталған соң жүлделі орын иеленгендерге кубоктармен қатар ақшалай сыйақы табысталатын болады.

 

Асхат Ғалиасқаров