МТРА жаңалықтары

Петропавлда көпқабатты үйде газ жарылысы болды

Өткен жұма күні Петропавлдағы көпқабатты үйлердің бірінде газ-ауа қоспасының жарылысы болды. Салдарынан 4 бірдей пәтердің тас-талқаны шыққан. Әйтеуір, жазым болғандар жоқ. Тұрғындар бірден эвакуацияланып, уақытша баспанамен қамтылды.

Орын алған жарылыстың салдары мынау. Бұл – 107-ші, 108-ші және 121-ші пәтерлер. Екі подъездегі 5-ші қабатта орналасқан үйлерді бөліп тұрған қабырғалар қазір жоқ. Жұма күні кешке орын алған газ-ауа қоспасының жарылысы оларды тас-талқан етті. Оқыс оқиға бір емес, 4 бірдей баспана иелерін далада қалдырды.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Кірпіш үйінділерінің ортасында жүріп, бұның үй екеніне сену қиын. Тұрғындардың сөзінше, бұл – қираған қабырғаның тек бір бөлігі ғана. Қалғандарын жұмысшылар шығарып үлгеріпті. Ал, пәтер иелері болса, қирандылар астынан аман қалған заттарын іздеп әлек.

Жарылыс 6-шы подъездегі 108 пәтерде орын алған. Оның себебі әлі күнге дейін белгісіз. Тәртіп сақшылары бұл ретте тергеу жұмыстарын жүргізуде. Жалпы, төтенше жағдай орын алған күні мамандар екі подъезден 46 адамды эвакуациялапты. Тұрғындардың басым бөлігі туыстарында жайғасса, өзгелері қалалық әкімдік тарапынан уақытша баспанамен қамтылған. Алайда, оның қолайсыздығынан 7-ші подъездегі кейбір үй иелері қоныстарына қайта оралуға мәжбүр болыпты. Ал, қалғандарының болса бұған жүрегі дауаламайды. Жарылыс тек қана 4 пәтерге ғана емес, түгел екі подъезге зақым келтірген. Негізгі қабырғалардың бірі 10 см-ге өз орнынан жылжып кеткен. Сондықтан, да тұрғындар мұнда тұру өте қауіпті деп байбалам салуда.

Серік Байқонақов – Интернационал көшесі, 4-үйдің тұрғыны:

– Негізгі қабырға жарылыс кезінде 10 см-ге екі жақтан жылжып кетті. Қорқамыз мұнда тұруға. Бірдеңе болса, құлайды ғой.

Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың “уайымдауға негіз жоқ” деп отыр. Мамандар қабырғаларға арнайы датчиктер орнатқан. Осылайша, қабырғаның жылжуын көруге болады екен. Алайда, өткен екі тәулік ішінде ешқандай өзгеріс байқалмапты. Яғни, алдағы уақытта түгел үйдің құлауы мүмкін емес дейді атқарушы билік өкілдері.

Евгений Глотов – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Жарылған қабырғалардың барлығы қалыпқа келтірілетін болады. Бұны қазір жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан компания жүргізбек. Олардың лицензиясы бар. Біз тұрғындардың қауіпсіз үйге оралуын қамтамасыз етеміз. Жалпы, пәтерлер мен подъездерді қалыпқа келтіру шығынын қалалық әкімдік өз мойнына алып отыр.

Бұл шаруаны мамандар сенбі күні-ақ бастап кеткен. Қазір жөндеу шаралары подъезд ішінде жүргізілуде. Ол шамамен 1,5-2 аптадан соң аяқталмақ. Ал пәтер ішіндегі жұмыстардың ұзаққа созылатын түрі бар. Баспана қайта қолданысқа тапсырылғанша отбасылар әкімдік берген уақытша үйде тұра алады. Оған қоса, зардап шеккен 4 баспана иелеріне жергілікті бюджеттен 100 АЕК көлемінде, яғни 252 500 теңге жәрдемақы төленбек.

 

Эльмира Садвокасова