Балалар

Петропавлда алғаш рет “Ашық зертхана” шарасы өтті

Көк киттің қарашығы қанша келі тартады? Ұшақ не себепті 10 мың метр биіктікте ұшады? Мұндай қызықты сұрақтар Петропавлда алғаш рет ұйымдастырылған “Ашық зертхана” шарасының қатысушыларына қойылды.

Өңірімізде алғаш рет өткізіліп жатқан “Ашық зертхана” шарасына 30 адам келген. Осы күнді асыға күткен қатысушылардың бірі – Нұртас Маженов. Ол 15 жаста. Мұнда келудегі басты мақсатым – физика пәнінен білімімді арттыру дейді оқушы.

Нұртас Маженов “Білім-Инновация” лицей-интернатының 9-сынып оқушысы:

 – Мен осы бағдарламаға келгенім үшін өте қуаныштымын. Мұнда келер алдында мен бұл туралы көп оқыдым. Менің мақсатым – көбірек білу, көбірек тану үшін, жан-жақты болу.

Келушілермен жақынырақ танысу үшін ұйымдастырушылар қосымша бланк таратып, ашық сұхбат жүргізді. Кейін, тест парақшалары мен зертханашы журналы таратылды. Сөйтіп, қатысушылар 30 минуттың ішінде сұрақтарға жауап беріп, өз білім деңгейлерін анықтады. Сауалдар негізінен, физика, химия, биология сынды пәндерден алынған.

Сабина Хабдуллина – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

 – Осы шара жайлы естігеннен-ақ тез арада тіркелдім және бұл шараға келген себебім – өз білімімді сынау және толықтыру. Жалпы, бұл шара арқылы мен өзімнің химияда, физикада, астрономияда, жалпы жаратылыстануда өз білімімді толықтырамын.

Жоба ұйымдастырушылары мұндай аязды күнде осынша адамның жиналғандығына таңданғандарын жасырмады.

Арсен Аубакиров – “Қазақстан жастар ақпараттық қызметі” ҚҚ Петропавл қалалық филиалының директоры:

 – 9-шы ақпан күні бүкіл әлем бойынша “Ашық зертхана” атты акция өтті. Біз бұл жобаны қолдауды дұрыс деп шештік, себебі ол өте қызықты әрі пайдалы. Қатысқысы келгендер билеттерді онлайн түрде ала алды.

Айта кеткен жөн, келесі “Ашық зертхана” шарасы наурыз айында Астанада өткізілмек.

Диана Бакирова