Қайырымдылық

Петропавлда қайырымдылық жәрмеңкесі өтті

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Жексенбі күні Петропавлда кезекті рет қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы көздің қатерлі ісігіне шалдыққан 4 жасар Әділет Төлегеннің еміне қаражат жиналды. Игі шарада теріскейлік жомарт жандар түрлі дүниелерді сатып, 1 млн 183 мың теңгеден аса ақша жиды. Енді, бұл сома балақайдың отасына берілмек.

Жексенбінің таңында «City Mall» сауда-ойын-сауық орталығының 1 қабатынан осындай дауыстар жиі естілді. Мұндағылар қолындағысын сатып, ауыр дертке шалдыққан Әділет Төлегенге көмектеспек ниетті. Мәселен, Lightway білім беру орталығының директоры Диана Төлегенова өзі басшылық ететін ұйымның атынан бірнеше оқыту сертификатын алып келіпті. Нәзікжанды оларды арзан бағаға сатпақ. Жәрмеңкеден түскен қаржының барлығын балақайдың отасына бермек.

Диана Төлегенова – Lightway білім беру орталығының директоры:

– Біздің ұжымның атынан 5 сертификат алып келдім. Әдетте олардың бағасы 8 және 12 мың теңге тұрады. Ал бұл жәрмеңкеде 8 және 5 мың теңгеден сататын болдық. Одан түскен қаражатты Әділеттің еміне жұмсаймыз. Біз бұндай қайырымдылық шараларға жиі қатысып тұрамыз. Ол үлкен іс деп санаймын. Біз әрдайым бір-бірімізге көмектесу қажетпіз.

Иә, бұл күні Диана сияқты бір-біріне көмектесуді мақсат тұтқан тұрғындардың қатары өте көп. Олардың бірі – қолөнер бұйымдарын, екіншісі киім-кешек сатып жатыр. Үшіншілері болса әсемдік салондары ұсынған сертификаттарды өткізуде. Ал Химия-биология бағытындағы НЗМ 9-10 сынып студенттері келушілердің назарына қыштан жасалған дүниелерді ұсынды. Жастар мұндай заттарды 10 күннің ішінде дайындайды екен. Кейін, түрлі жәрмеңкелерде саудалайды. Өнерлі ұл-қыздар бұған дейін ұйымдастырылған игі іске қатысып, науқас баланың еміне ақша жинауға өз үлестерін қосқан.

Айдар Ерғали – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Біз бұған дейін де осындай қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысып көрдік. Мысалы, біз Расулдың еміне арналған жәрмеңкеге қатысып, көп затты саттық. Бұл жердегі заттардың бағалары 1000-1500 теңгенің арасында. Өзіміз тауардың құны баршаға тиімді деп ойлаймыз.

Әрине, мың теңге деген жаны жайсаң тұрғындарға қымбат емес. Сол себепті болар, сөрелерге қойылған тауарлар қас қағым уақыт ішінде сатылып жатты. Мұндағы заттарды алып, науқастың еміне көмектескісі келетіндердің барлығы Әділеттің сауығып кеткендігін қалайды.

– Біз бүгін бірнеше сертификат алдық. Әділет деген балаға көмектескіміз келеді. Ол тезірік жазылып кетсін.

– Жәрмеңкеге жаңа келдік. Қазір қарап, ұнаған затты аламыз. Осылайша балақайға көмектескіміз келеді.

Шарапаты мол шарада лоторея да ұйымдастырылды. Оған 1 мың теңгеге билет алған тұрғындар қатысты. Ойында жолы болғандарға бағалы сыйлықтар таратылды. Бұдан бөлек, жергілікті әнші-бишілер де өнер көрсетіп, Әділетке қолдауларын білдірді.

Жалпы, 3 сағаттан аса уақытқа созылған жәрмеңкеде 1 млн 183 мың теңгеден аса қаржы жиналды. Енді, бұл ақша Әділет Төлегеннің еміне жұмсалмақ. Айта кетейік, 4 жастағы балақай көздің қатерлі ісігіне шалдыққан. Жақын арада кішкентай жерлесімізге Швейцарияда ота жасалмақ. Оған әлі де қаражат керек. Сондықтан, Әділетке көмектесулеріңізді сұраймыз. Ата-анасының реквизиттері экранда көрсетілген.

Култанов Байболат