МТРА жаңалықтары

Бизнес ашқысы келетіндерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау

Бизнес бастағысы келетіндерге мемлекет қандай қолдау ұсынады? Бүгін шаһарда “Нұр Отан” партиясының бас болуымен осы мәселеге қатысты азаматтарды қабылдау жүргізілді. Дөңгелек үстел жиынына көбіне жұмыссыз жастар мен студенттер қатысты. Білікті мамандар олармен тілдесіп, кәсіп ашуда жәрдем болатын мемлекеттік бағдарламалармен жіті таныстырды.

Мәжіліс залында “Даму”, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау” қорларының мамандары отыр. Сондай-ақ, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен билік өкілдері де бар. Олар Петропавлдың жұмыссыз жастары және студенттермен диалог құруда. Қабылдауға келгендердің бірі – Әнуар Қошанов. Жергілікті ЖОО-ның студенті биыл заңгер дипломын қолына алады, бірақ мамандығы бойынша қызмет еткісі келмейді. Бала кезінен бергі арманын жүзеге асырып, бизнес ашпақшы.

Әнуар Қошанов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Менің республикалық трасса бойында дәмхана мен сапарға қажетті тауарлар сатылатын шағын дүкен ашқым келеді. Жаңадан ғимарат салу ойымда бар. Мәселен, ресейлік магистральдарда осындай сауда нүктелері мен қонақ үйлердің өте көп екенін байқайсың. Қызмет көрсету сапасын бізде де арттыру қажет.

Жігітте тәп-тәуір идея бар, бірақ оны жүзеге асырар қаражат жоқ. Осы орайда Әнуардың “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасының көмегіне жүгінгені абзал. Мамандардың сөзінше, ол 16 млн теңгеге дейін несие рәсімдеп, кәсібін бастай алады. Бірақ, алдымен бірнеше талаптарды орындау қажет.

Нұргүл Болатова, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ филиалының менеджері:

– Бұл бағдарлама бойынша займ алмас бұрын сізге жұмыспен қамту орталығында есепке тұру қажет. Екінші міндетті талап – сізде кәсіпкерлік негіздерін меңгергеніңізді дәлелдейтін сертификат болуы қажет. Бұл 2 күндік курстар өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткізіледі.

Бұдан бөлек, қоғамдық қабылдау барысында жастарға “Бастау Бизнес”, “Zhas Project” сынды жобалардың шарттары мен мүмкіндіктері түсіндірілді. Өз ісін ашқысы келетін бойжеткендер мен бозбалаларды қызықтырған сұрақтар көп болды. Олар көбіне іскерлік курстардың уақыты, бизнес жоспарды құруда тәжірибесі жоқ стартаперлерге көрсетілетін көмек және бағдарламалар бойынша несие немесе гранттардың сомаларына қатысты. Білікті мамандар аталған сауалдарға толыққанды жауап берді.

Саят Ермек