Білім

Шал ақын ауданының кей мектептері биоотынмен жылытылады

Шал ақын аудының мектептері ғимараттарын көмірмен емес, жаппай сабанмен жылытуға көшіп жатыр. Бүгінде мұнда биоотынмен жағылатын 10 бірдей қазандық жұмыс істейді. Олардың 4-уі аудандық бюджеттен бөлінген ақшаға орнатылса, қалғаны жергілікті агроқұрылымның демеушілік қаражатына алынған. Заманауи қондырғылардың арқасында бір жылыту маусымындағы үнемділік 50 пайызды құрап отыр. Альтернативті отынмен жылытылатын Сергеевка мектептерінің біріне әріптесім бас сұқты.

Сергеевка қаласында -32 градус аяз. Сабақ болмады, сондықтан Есім Шайкин атындағы орта мектептің оқушылары үйлерінде отыр. Алайда, терезенің арғы жағында температура қаншалықты төмен болғанымен, мектеп іші жып-жылы. Бұл – биоотын арқылы жағылатын жаңа қазандықтың арқасы. Ол білім ошағына желтоқсанның 25-і орнатылған.

Әлия Әмренова – Е.Шайкин атындағы Сергеевка орта мектебінің директоры, Шал ақын ауданы:

– “Әби-жер” компаниясы демеушілік қаражатына орнатып берді. Қазандыққа серіктестіктің өзі қызмет көрсетеді, отын әкеледі. Мектептің ішінде қазір температура қалыпты. Бұрын оқушыларымыз қалың күрте мен шалбар киіп келетін, қазір жұқалау жейдемен жүреді.

Мектеп терезелеріндегі бөлме өсімдіктері гүлдеп тұр, жылу батареяларының ыстықтығы соншалық қол тигізе алмайсың. Ал бұрын ата-аналар мен оқушылар сыныптардың суықтығына жиі шағымданған екен. Аудан қазынасынан да қыруар қаржы жұмсалып, жылына ең аз дегенде 400 мың тонна көмір алынып келген. Қазір экологияға келтірілетін зиян мөлшері де, шығын да азайды, ал оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар риза.

Ләйлә Рақымберлина – Е.Шайкин атындағы Сергеевка орта мектебінің мұғалімі, Шал ақын ауданы:

– Мектебіміздің іші өте жайлы, жылы, жақсы күйде. Мектеп басшылығы мен ұстаздар өте ризамыз. Сыныптар жылы, сабақ оқуға ыңғайлы.

Жаңа қазандық міне осы. Польшалық қондырғы зығыр сабаны және қайың ағашының көмегімен 3 қабатты ғимаратты еш қиындықсыз жылытады. Құны 20 млн теңге болатын қазандықты өз қаражатына орнатып, өзі қызмет көрсететін “Әби-жер” серіктестігіне мектеп ай сайын арнайы тариф бойынша жылу үшін төлемдер жасайды.

Қайрат Жангужинов – Шал ақын аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Жылудың 1 гигакалориясы үшін шамамен 6 мың теңге төлейміз. Осылайша, өткен жылыту маусымында үнемділік 50 пайызды құрады. Біз мұндай агрегаттардың экономикалық тұрғыда тиімді екенін түсіндік. Сондықтан, жуырда “Әби-Жер” ЖШС Сергеевка қаласында тағы 5 қазандық орнатып берді.

Мұндай қазандықтар тек аудан орталығында ғана емес, ауылдарда да бар. Олар енді өзіміздің Қостанайда жасалған. 20 млн теңге тұратын польшалық қондырғыдан әжептәуір арзан. Қазір Шал ақын ауданынының елді мекендеріндегі 4 мектепте отандық қазандықтар орнатылған. Бұл мақсатқа өткен жылы аудан бюджетінен 10 млн теңге жұмсалыпты.

Саят Ермек