Аптадағы маңызды жаңалықтар

Шағын және орта бизнес субъектілеріне салықтық рақымшылық жарияланды

Тәуелсіз Қазақстан тарихында 4-ші рет мемлекет салық төлеушілерге амнистия жариялады. Бұл жолы рақымшылыққа шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері ілікті. Міндетті алымдардан жалтарған солтүстікқазақстандық бизнесмендер бүгінде мемлекетке шамамен 2 млрд 700 млн теңге қарыз екен.

Ауқымды салықтық рақымшылық Қазақстанда соңғы рет 2015 жылы жарияланған еді. Негізі, мұндай шара ел тарихында 4-ші рет ұйымдастырылып отыр. Жалпы, бүгінде салықтық міндеттерін орындамай, мемлекет алдында қарызға белшесінен батқан жауапсыз кіші және орта бизнес өкілдері баршылық. Биылғы амнистияның оларға тікелей қатысы бар.

Саят Ермек – тілші:

– СҚО-да шамен 37 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Олардың 2 мың 310-ы салықтарын уақытылы төлемей, мемлекетке берешек болып қалған. Нәтижесінде 2018 жылдың 1-қазанына дейін жиналған жалпы қарыз сомасы бақандай 2 млрд 700 млн теңгеден асыпты. Оның шамамен 1 млрд 600 млн-ы – айыппұлдар мен өсімақылар. Рақымшылық аясында мұндай кәсіпкерлер 2019 жылдың аяғына дейін негізгі қарыз сомасын ғана төлесе жеткілікті. Сонда манағы айтқан айыппұлдар мен өсімақылар автоматты түрде сызылып тасталады.

Осылайша, ел қазынасына тиісті қаражат түседі, ал кәсіпкерлер мемлекет алдындағы салықтық борыштарынан толығымен арылмақ. Яғни, бұның екі жақты пайдасы бар. Алайда, жаңа заңға сәйкес, рақымшылық темекі мен алкоголь шығаратын және кен өндіруші ірі кәсіпкерліктерге жасалмайды. Ал өзгелеріне амнистияға ілігу үшін ешқайда барудың, ештеңе жазудың қажеті жоқ.

Сәлима Рамазанова, СҚО мемлекеттік кірістер департаменті басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Мемлекеттік кірістер органдары күн сайын салық төлеушілердің жеке шоттары бойынша мониторинг жүргізеді. Егер кәсіпкер қарызының негізгі сомасын төлесе, алдағы үш күннің ішінде өсімақы мен айыппұлдар алынып тасталады. Салықтық берешекті бір күннің ішінде жабу да міндет емес, яғни бөліп-бөліп төлеуге болады.

Бастысы, берешекті 2019 жылдың аяғына дейін төлеп бітіру шарт. Әйтпесе, өсімақы кешірілмейді. Ал мемлекет алдындағы қарызының көлемін білмейтін кәсіпкерлер “Салық төлеуші кабинеті” атты вэб-қосымшадан жеке шотының көшірмесін ала алады. Сондай-ақ, берешек сомасын Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет сайтынан немесе электрондық үкімет порталынан білуге болады.

Саят Ермек