МТРА жаңалықтары

СҚО соты 2018 жылды қорытындылады

Былтыр облыстық сот бірнеше пилоттық жобаны қолға алған. Нәтижесінде өңір аумағында орын алған дау-дамайлар оңай шешіліп, қызмет көрсету сапасы артқан. Бұдан бөлек, Уәлиханов ауданындағы қос ауылда билер кеңесі құрылыпты. Ақсақалдар бірлесіп, елді мекенде туындаған түйіткілдерді тарқатуға ат салысып отырады екен. Бұл жайлы 2018 жылды қорытындыланған облыстық соттың жиынында айтылды.

Өткен жылы өңіріміздің сот саласында бірталай шаруа атқарылыпты. Мәселен, облыстық мамандандырылған ауданаралық-экономикалық сотының базасында фронт кеңсе жұмысын бастады. 192 шаршы метрді алып жатқан аумақта заманауи құралдармен жабдықталған 3 бөлме бар. Онда білікті мамандар тұрғындарға түрлі бағытта жылдам әрі сапалы қызмет көрсетеді.

Ерлан Айтжанов – СҚО сотының төрағасы:

– Татуластыру үрдісіне арналған қос пилоттық жобамыз бар. Оның біріншісі мәселені сот процесіне дейін шешуге бағытталған. Яғни, бағдарлама аясында медиатор мамандар екі жақтың арасында туындаған істі қарап, біржақты етеді. Былтыр мұндай жандар 450 дауды реттеді. Ал, 2-ші жоба сотта келісімге келуге арналған. Бұл жерде тұрғындарды судьялар қабылдайды. Олар жазбаша жолданған, банктік келіспеушілік және дау кезінде бір тарап өзге өңірден болса  мәселелерін қарамайды. Қалған барлық өтінішті бақылауға алып, 5 тәуліктің ішінде қос тарапты шақырып, істі талқылайды.

Өңірімізде сыналып жатқан пилоттық жоба бұл ғана емес. Одан басқа “Судья көмекшісі”, “Цифрлы”, “Смарт”, “Отбасылық сот” сынды бағдарламалар бар. Ерлан Айтжанов әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, атқарылған істі баяндап өтті. Тағы, облыстық сот төрағасы билер кеңесі жайлы да әңгімеледі. Мұндай жаңашылдықты былтыр Уәлиханов ауданының ақсақалдары қолға алыпты. Айтар болсақ, Қайрат және Қулыкөл сынды ауылдардың қарттары өздерінде ұйым құрып, дауларды шешуге ат салысатын болған.
Бұл күні жиында қылмыстық істер жайлы да айтылды.

Владимир Кириленко – СҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:

– Статистикаға тоқталатын болсақ, былтыр өңірдің соттарына келіп түскен қылмыстық істердің саны азайды. Айтар болсам, 2017-де өткен жылға қарағанда заңбұзушылық фактілері 23 пайызға көп тіркелген болатын. Бұның бірнеше себебі бар. Оның алғашқысы – облыста қылмыс жасау деңгейі төмендеді. Ал, екінші себебіне
медиаторлардың тікелей қатысы бар. Олар мәселені сотқа жеткізбей
шешті.

Өз сөзінде Владимир Кириленко жоспармен де бөлісіп кетті. Алдағы уақытта өңір мамандары Шығыс Қазақстан облысының тәжірибесіне сүйеніп жұмыс істеуге ниетті. Яғни, жергілікті сот өкілдері медиаторлардың көмегімен жәбірленушілердің пайдасына жазасын өтеп жатқандардан шығынды толық көлемде өтетіп алмақ. Осылайша заңбұзушының жазасын жеңілдету көзделген.
Жиын соңында өткен жылы жұмысында үздік нәтиже көрсеткен соттар мен сала қызметкерлері марапатталды. Оларға Жоғарғы сот және облыстық сот төрағаларының мақтау қағаздары мен алғыс хаттары табысталды.

Байболат  Култанов