Білім

Петропавлға Саха Республикасынан студенттер келді

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне Саха еліндегі Якутск мемлекеттік ауыл шаруашылығы академиясынан 4 студент келді. Олар мұнда мобильді оқу жүйесі аясында білім алмақ. 

Студенттердің айтуынша мұнда келу үшін олар арнайы конкурстан өтуге тиіс болған. Ақыры 50 үміткердің ішінен 4-уі ғана іріктеліп алыныпты. Солардың бірі – Мирослав Максимов. 2-ші курста оқып жүрген жастың мамандығы орман шаруашылығымен байланысты.

Мирослав Максимов, Якутск мемлекеттік ауыл шаруашылығы академиясының студенті, РФ:

– Мен алғашында достарымнан осында келіп оқуға болатынын естідім. Бұл менің Қазақстан табиғатына деген қызығушылығымды арттырды. Әрине, мұнда білім беру жүйесінің өзіндік ерекшеліктері бар.

Ауа температурасы минус 60 градусқа дейін баратын елден келген студенттерге солтүстіктің суығы таңсық емес. Владислав Семеновтың айтуынша саха мен қазақ тілдерінде бір ұқсастық бар.

Владислав Семенов, Якутск мемлекеттік ауыл шаруашылығы академиясының студенті, РФ: 

– Осындағы жатақханада студенттермен танысып, араласып кеттік. Тіпті, тіліміз де ұқсас екен. Мысалы: балик-балық, кир-кір деген секілді біршама сәйкестіктер бар.

Саха елі мен Қазақстан арасы 6 мың шақырымды құрайды. Қалай айтса да, немен жетсе де жолға біраз уақыт кетеді. Соған қарамастан 4 якутиялық студент М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға мобильді оқу жүйесі аясында келіп отыр. Алғашқы күнді олар тиісті құжаттарды толтырумен өткізсе, қазір білек сыбана білім алуға кіріскен.

Алтын Шаяхметова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Агротехнологиялық факультетінің деканы: 

– Агротехнологиялық факультет 2018 жылдың қыркүйек айында құрылды.Дәл қазір университетімізден 5 студент мобильді бағдарлама бойынша Түмен облысында оқып жатыр. Ал бізге 6 жас келді. Олардың 2-уі – Түмен университетінен, 4-уі – Якутск мемлекеттік ауыл шаруашылығы академиясынан.

Солтүстік өңірге білім қуып келген студенттер жергілікті университет қабырғасында ғана емес, сондай-ақ дуалды оқыту жүйесі аясында түрлі серіктестіктерде тәжірибе жинақтайды.

Диана Бакирова