Қоғам

Қайырымдылық қорлары қаңғыбастарға көмектесуде

Жертөле мен жылу құбырлары. Бұл – қаладағы 200-ге жуық қаңғыбастың панасына айналған жерлер. Алайда, қыстың қақаған аязында мұның өзі оларға қорған бола алмайды. Қазір Петропавлда тұрақты мекені жоқ жандардың түнеп шығуына арнайы жылы орын қарастырылған. Республикалық “Жақсылық жаса” акциясының аясында өңірдегі қайырымдылық қорлары үйсіз-күйсіздерге көмек қолын созуда.

59 адам. 59 түрлі тағдыр. Алайда, бұлардың барлығын біріктіретін бір жайт бар – олардың қазіргі өмірі. Ыстық тамақ пен төсек-орын. Үйсіз-күйсіз қалған жандардың бүгіндегі бар уайымы осы ғана. Ондаған жыл бұрын бұл панасыз азаматтардың тұрақты жұмысы да, сүйікті жанұясы да болған. Дәл бүгінгідей халге түсемін деген ой олардың түсіне де кірмеген шығар.

Евгений Якуниннің екі бірдей жоғары білімі бар. Тура 10 жылдай бұрын ол мектепте математикадан сабақ берген екен. Қазіргі таңдағы ең маңызды салалардың бірі – IT-ді де меңгеріпті. Бірақ, тағдырдың тәлкегіне түскен педагог жыл он екі ай жатарға жер, ішерге ас іздеуге мәжбүр.

Евгений Якунин: 

– 2007-де менің зайыбым өмірден өтті. Келесі жылы туған қызым мен күйеу балам үйімді тартып алып, мені далаға қуып шықты. Сол уақыттан бері осындай күйге түстім. Алдымен ауыл мектептерінде жұмыс істедім. Ол жерде баспанамен көмектесетін. Жазғы уақытта кейде далада түнеуге тура келеді. Биылғы жылы мектептегі қызметке қайта орала алмадым. Мұндай түріммен мені кім қабылдайды? Қазір «Коммунхозда» жұмыс істеп, нәпақа тауып жүрмін.

Евгений Якунин сынды панасыздар үшін қыс мезгілі – ең қиын кезең. Қақаған аязда оларға пана іздеу оңай емес. Әдеттегі жылу құбырлары мен жертөлелер де мұндай суықта оларға қорған бола алмайды. Абырой болғанда, Петропавлда 2015 жылдан бері қаңғыбастарға арналған түнеу орындары жұмыс істейді. Мұнда олар жатарға орын және ыстық тамақ беріледі.

Павел Ющенко – Петропавл қалалық ПБ қабылдап-тарату орны бастығының м.а.:

– Бұл түнгі орналасу бөлімшесі облыстық полиция департаментінің бстығы Берік Біләловтың мұрындық болуымен ашылды. Арнайы жүргізілген рейдтік шаралар барысында қаңғыбастарды тауып, тіркеуге қоямыз. Қылмыстық, әкімшілік істерге қатысы бар-жоқтығын тексереміз. Кейін осы мекемеге орналастырамыз.

Қазан айында ашылған түнеу мекемесінің «тұрғындары» Неля Штайнбренерді мұнда қуана қарсы алады. «Надежда. Вера. Милосердие» қоры қаңғыбастарды 4 жылдай бұрын өз қамқорлығына алған.

Неля Штайнбренер – «Надежда. Вера. Милосердие» қорының директоры:

– Бірнеше жыл бұрын менің жұбайым қайтыс болды. Қайғыдан қан жұтып, мен ауыр халге түстім. Оңалғаннан кейін адамдарға көмек қолын созамын деп өзіме сөз бердім. Түнгі орналасу бөлімшесі ашылғаннан бері біздің қор үйсіз-күйсіз қалған адамдарды тамақтандырумен айналысады. Сондай-ақ, киім-кешек пен дәрі-дәрмек те әкелеміз. Бұның барлығын жомарт жандар береді. 2015 жылдары аптасына бір рет ас берсек, қазір бұл шаруа күн сайын жүргізіледі.

Неля Штайнбренер мұндағылардың тағдырымен жақсы таныс. Айтуынша, олардың қоғамға қайта бейімделуіне қолғабыс ету қажет. Себебі, бұл жандардың басым бөлігі әлі де үміт отын өшірмейді. Екі қолға бір күрек тауып, қалыпты өмірге оралсақ па деген ниеттері бар.

Эльмира Садвокасова