Қоғам

“100 жаңа есім” жобасының қатысушылары студенттермен кездесті

С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада “100 жаңа есім” жобасының қатысушылары студенттермен кездесті. Шара барысында олар жастардың қойған сұрақтарына жауап беріп, тың идеяларды жүзеге асыруға шақырды.

“100 жаңа есім” жобасына өткен жылы ел бойынша мыңнан астам үміткер қатысқан. Оның 64-і – солтүстікқазақстандықтар. Біздің өңірден 2-ші кезеңге өткен 8 қатысушының арасында Сәлімхан Cәбитов те бар. Ол мүгедек жандарға арналған автомектеп ашқысы келіп жүр. Ол мақсатын жүзеге асыру үшін былтыр қайтарымсыз гран та ұтып алған. Ал “100 жаңа есім” жобасы жайлы Ассамблея өкілдерінен естіп, оған да қатысып көруді жөн санапты.

Сәлімхан Сәбитов – “100 жаңа есім” жобасының қатысушысы:

– Мен жоба туралы Ассамблеядан білдім. Олар маған хабарласып, осындай жобаға қатысқың келе ме деп сұрады. Мен өз күшімді тексеру үшін және өзім сияқты жастарға келешекте күш-қуат, өз өзіне деген сенім беру үшін жобаға қатысып, қазіргі күнде 8 адамның қатарындамын.

Бүгінгі шараға келген тағы бір қонақ – “АРДОС-жүрек” мүгедектер бірлестігінің директоры Ақжан Кәрім. Оның жетекшілігімен 5 жылдың ішінде 20-ға жуық жоба іске асыпты. Ал өткен жылы “Әлеуметтік кәсіпкерлік” мектебін ашып, өз ісін бастауға ниетті жандарға қолдау көрсете бастаған. Дәріс тыңдағандардың ішінде 3-уі өз істерін дөңгелетіп отыр.

Ақжан Кәрім – “100 жаңа есім” жобасының қатысушысы:

– 100 жаңа есім” жобасының тізіміне кіремін деп ойлаған жоқпын. Себебі, барлық үміткерлер жеңіске лайықты. Алдымызда әлі ақтық кезең бар. Жоба қатысушылары өскелең ұрпаққа үлгі көрсетіп, болашақта үлкен істерді бастауға түрткі болады деп ойлаймын. Мен де осы жолда аянып қалмаймын.

Шара соңында жастар “100 жаңа есім” жобасының қатысушыларына өз сұрақтарын қойды.

Молдир Шаяхмет