Білім

Жас өнертапқыштардың тың туындысы

Жас өнертапқыштардың тың туындысы. Назарбаев Зияткерлік мектебінің екі студенті күннің сәулесімен қуатталатын жылжымалы панель ойлап тапты. Ол жазы қысқа, қысы ұзақ солтүстік өңір үшін таптырмас құрал дейді жеткіншектер.

Болашақ энергиясы. Әлемнің көптеген елдерінде күн панельдері сұранысқа ие. Ол қолданыста қолайлы, ең бастысы қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Сонымен қатар, мұндай ресурстар сарқылмайды. Көптеген дамыған елдерде күн энергиясын көшелерді жарықтандыруға, көкөністерді өсіруде пайдаланады. Біздің еліміз – жасыл экономиканың бастапқы сатысында.

Алтыншаш Даниярова мен Камила Арсланова – мектеп оқушылары. Олар жаз бойы бағдарлама жазу және есептеумен айналысқан. Күніне 5 сағаттан тер төгіп жасаған жұмыстары бүгінде дайын. Ол – күннен қуат алатын жылжымалы батарея. Бөлшектерін электронды нұсқада әзірлеген, ол үшін SketchUp (скейч-ап) бағдарламалық қаматамасыз етуді пайдаланыпты. Содан соң 3D принтерінде басып шығарған.

Алтыншаш Даниярова, Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Екі күн панелін жасауға бізге 4 фотоэлементті дәнекерлеп, біріктіру қажет болды. Өмірімде бірінші рет қолыма дәнекерлегіш аспап алдым. Әрине, бұл мен үшін қиындық тудырғаны рас, себебі онымен өте ұқыпты жұмыс жасау керек. Әйтпесе, бөлшектер зақымдалып қалуы мүмкін.

Күнделікті қолданыстағы қуаттағышпен салыстырғанда жылжымалы батареяның артықшылығы басым. Оның тиімділігі 1,5 процентке жоғары. Көрсеткіш аса көп болып көрінбегенімен өндірістік тұрғыдан елеулі болмақ. Құрылғы төбесіндегі екі датчигі арқылы күннің түсу бағытына бақылап, соған сай бұрылып отырады екен.

Камила Арсланова, Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Панельді қозғалтатын роботтың іс-қимыл алгоритмін әзірлеуге арналған бағдарлама бар. Ол лего майн сон программасы арқылы жүзеге асырылады. Онда блогтарды бірінен соң бірін қою нәтижесінде роботтың бірізді іс-қимылы түзіледі.

Бұл – қыздардың алғашқы және сәтті шыққан жұмысы, ең бастысы құрылғы аграрлық өңір үшін таптырмас құрал болып саналады. Күнбағыс күнге қалай бұрылатыны бәрімізге белгілі. Мұның да қағидасы дәл сондай. Оқушылардың физика пәнінен мұғалімі Лариса Овчинникова идеяны мықтап қолға алса, ауа райы құбылмалы, қысы алты айға созылатын солтүстік өлке үшін бұл тиімді болмақ.

Лариса Овчинникова, Химия-биология бағытындағы НЗМ физика пәні мұғалімі:

– Егер жылжымалы платформаны қолдансақ, оны күннің түсу бағытына қарай орната алсақ, жылжымалы батареяны өңірімізде қолдануға олады.

Оқушылар өз құралдарын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің республикалық байқауында таныстырып, 3-орынды иеленіпті. Енді олар жобаларының тиімділігін арттыру үшін жетілдірмек ниетте.