Бизнес және экономика

Шағын кәсіпкерліктің дамуы

Жеке істі бастау мен оны жүргізудің негіздері. Бүгінде бұл бағытта ауылдағы ағайынға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мығым. Былтыр М.Жұмабаев ауданында бизнестің қыр-сырын 79 адам меңгерген екен. Қазір олар өз кәсіптерін ашып, нәсіп тауып отыр.

Көптеген адамдар бизнеспен айналысу өте қиын іс деп санайды. Алайда, Ботагөз Смағұлова бұнымен келіспес. Бір сәтте туындаған идеяның арқасында қазір нәзікжанды өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Өткен жылдың қараша айында іскер келіншек бьюти-индустрияға қажетті мамандықтарды меңгере бастапты. Алдымен, маникюр шеберіне оқып, кейін кірпік өсіруді де үйренген. Бұнымен ол тоқтап қалмақ емес.

Ботагөз Смағұлова – «Смағұлова» ЖК директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Мен бұрын жергілікті мекемелердің бірінде қызмет еттім. Таңнан кешке дейін жұмыста отырудан жалығып, өз ісіммен айналысуға бел будым. Сөйтіп, Мағжан Жұмабаев аудандық жұмыспен қамту бөліміне барып, мамандардың көмегіне жүгіндім. Олар маған жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында өткізілетін курсты ұсынды. Ойланбастан келісіп, сабақтарға қатыстым. Осы уақыт ішінде бизнес-жоспар құруды үйрендік. Кәсіпті ашқан кезде туындауы мүмкін проблемалар мен оны шешу жолдарын қарастырдық.

Бизнес жүргізудің қыр-сырын меңгерген соң, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорының «Кәсіпкер» бағдарламасы арқылы жылдық үстемақысы 6 пайыз болатын жеңілдетілген несие рәсімдепті. 1,5 млн теңгені ол 5 жылдың ішінде бөліп төлемек. Қаражатты кәсіпкер нысанды жалға алу мен оның ішін жөндеуге жұмсаған. Сондай-ақ, жұмыс орындарын керек-жарақпен қамтуға да бағыттапты. Қазір Ботагөз Смағұлова бір маманды екі қолға бір күрекпен қамтып отыр. Алдағы уақытта бизнес-леди өз командасына ер адамдардың шашын қиюға маманданған шаштараз қабылдамақ ниетте. Жалпы, бүгінде М.Жұмабаев ауданындағы жеке кәсіпкерлердің саны артып келеді.

Ирина Графеева – М.Жұмабаев аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы:

– Былтыр ауданда “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы” арқылы 79 тұрғын жалпы сомасы 300 млн теңгеге несиелендірілді. Ауылдағы ағайын, әсіресе мал шаруашылығына басымдық береді. Бұдан бөлек, қызмет көрсету саласын таңдағандар да бар. Яғни, кәсіпкерлер дәмхана, дәріхана, асхана мен сұлулық салондарды ашуда. Оған қоса, 2018 жылы бизнесті дамытуға бағытталған 40 грант бөлінді.

Биылғы жылға да жоспар аз емес. Ауданда кәсіпті өркендетуге арналған гранттар мен субъектілерді микрокредиттеуге 190 млн теңге бағытталмақ.

Эльмира Сәдуақасова