Бизнес және экономика

Салық заңнамасындағы өзгерістер түсіндірілді

Биылдан бастап кәсіпкерлер ескі кассалық аппараттарын жаңасына алмастыруы тиіс. Олай етпеген жағдайда 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Ал, бұл – шамамЕн 50 мың теңге. Салық заңнамасына қатысты өзгертулер Петропавлда бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен конференцияда түсіндірілді. Жиынды республикалық кәсіпкерлерге көмек көрсету орталығы облыстық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйымдастырған.

Салық заңнамасына өзгерістер жыл сайын енгізіліп отырады. Бірақ, көпшілік жаңашылдықтарды дұрыс түсіне бермеуі мүмкін. Айталық, биылдан бастап бірыңғай жиынтық төлем төлеу қарастырылған. Бұл – бизнесін жасырып жүрген жандарға арналған салық.

Дмитрий Казанцев – Кәсіпкерлерге көмек көрсету республикалық орталығының директоры, Алматы қаласы:

– Яғни, бұл салықты ісін / заңды түрде тіркелмей / дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер төлемек. Елімізде мұндай 500 мыңнан астам адам бар. Оларды төлем жаса деп ешкім қыстамайды. Бұл – өз еркімен атқарылуы тиіс шара. Тағы Елбасы шағын және орта бизнес өкілдері үшін жариялаған амнистия жайлы айтпақпыз. Оған сай қарызы бар кәсіпкерлердің өсімпұлы мен айыппұлы алынып тасталмақ.

Конференция барысында алматылық мамандар залға жиылғандарға 2020 жылы елімізде жалпыға ортақ декларациялау науқаны басталатындығын ескертті. Сондықтан, бір жыл ішінде құжаттарды қалыпқа келтіріп, маңызды шараға дайындалуға уақыт бар. Кәсіпкерлердің құлағына алтын сырға. Биылдан бастап олар ескірген кассалық аппараттарын міндетті түрде жаңартуы қажет.

Дмитрий Казанцев – Кәсіпкерлерге көмек көрсету республикалық орталығының директоры, Алматы қаласы:

– Бизнесмендер деректерді онлайн түрде жіберуге болатын құрылғыларды орнатуы тиіс. Олардың бағасы 40 мың теңгеден басталады. Құралды алмастырмағандарға ескерту жасалады. Егер жағдай түзелмесе, онда 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айппұл салынады.

Салық заңнамасындағы өзгерістерден құлағдар болған кәсіпкерлер мен есепшілер мұндай жиын өткізудің пайдасын атап өтті.

Марина Потапова – Оңтүстік-Орал темір жолы Петропавл бөлімшесінің 1-ші дәрежелі бухгалтері:

– Орталық мамандарының өткізетін шараларына осымен екінші рет қатысып отырмын. Ылғи жаңа, қызықты ақпарат береді. Құр заңнаманы оқып бермей, мысалдар келтіреді. Әркімге түсінікті әрі пайдалы болды деп ойлаймын. Тағы конференция соңында сертификаттар табыс етіледі.

Алматылық мамандар Салық заңнамасындағы өзгерістер енгізілгелі бері еліміздің барлық қалаларын аралап, 10-нан астам конференция өткізген. Айта кетейік, курстар тегін түрде жүргізіледі.

Магжан Ахмадина