Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда азаматтарды қабылдау өткізілді

Бүгін “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында азаматтарды қабылдау шарасы өтті. Бұл жолы 6 жерлесіміздің базынасын Парламент Мәжілісінің депутаттары Ирина Аронова мен Тарас Хитунов тыңдады. Олар тұрғындардың мәселелерімен жақынырақ танысып, оларды шешу жолдарын ұсынды.

Мәжіліс депутаттарына бірінші болып облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Светлана Бусыгина жолықты. Азаматшаның халық қалаулыларына қояр 2 сауалы бар. Оның бірі мүгедек жандарға арнайы грант бөлуге қатысты болды.

Светлана Бусыгина – СҚО әкімінің штаттан тыс кеңесшісі:

–  Біз мүгедек жастарға / бөлінетін қайтарымсыз гранттардың көп болғандығын қалаймыз. Өйткені, арамызда дарынды ұл-қыздар баршылық. Көбісі өз идеяларын жүзеге асыра алмай отыр.

Ал, екінші сұрақ қаладағы нысандардың көпшілігінде мүгедек жандар үшін тиісті жағдайдың жасалмағандығы туралы болды. Светлана Бусыгина пандус, көтергіш құралы мен шақыру батырмасының жоқтығын айтып шағымданды. Осы орайда ғимараттарды тұрғызар алдында немесе жөндемес бұрын жобалық-сметалық құжаттармен таныссақ дейді. Сонда құрылысқа жауапты адамдарға өз мұқтаждықтары туралы айтпақ екен.

Ирина Аронова – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қазіргі таңда мемлекеттен көптеген гранттар беріліп жатыр. Міне, соны алып, сіздер облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасымен бірлесіп өздеріңіз жүзеге асыра алатын жобаларды әзірлесеңіздер. Бизнесті дұрыс ұйымдастыруға мән берсеңіздер. Осы жердегі мамандардың көмегіне жүгінуге болады. Ал, екінші сауалды “Нұр Отан” партиясының өкілдері бақылауға алсын. Құрылыс жүргізетін адамдармен кездесіп, жиын өткізіңіздер. Мәселені осылайша шешуге болады.

Кейін, кезек Ғалым Исмағамбетовке де келді. Осыдан 8 жыл бұрын жерлесіміздің ұлы әскерге алыныпты. Бірақ, қызметін 3 ай өтеген соң, қаза тапқан. Қайғылы оқиғаның не себептен орын алғаны белгісіз. Әскери сот әлі шешім шығармаған.

Ғалым Исмағамбетов – қала тұрғыны:

– Тамыздың 30 күні маған ұлым звондады. Ол мен ефрейтер шенін алдым деді. Мен құттықтадым. Сосын келесі күні таңғы онда баламның асылып қалғандығы жайлы хабар келді.

Ғалым Исмағамбетовке балаңыз өз-өзіне қол жұмсады деп айтыпты. Бірақ, ата-ана бұған сенбейді. Олар ұлдарын әкелгенде денесінде соққының, күйіктің іздерін байқапты. Тепсе темір үзетін жігіттің қалай қаза тапқанын білу үшін қариялар талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Бірақ, барлық жерде жазбаша өтінішпен емес, тек ауызша шектеліпті. Осының салдарынан іс ұзаққа созылып кеткен көрінеді.

Ирина Аронова – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Сіздер жауапты органдарға ауызша емес, жазбаша өтініш жолдаған жағдайда бірнеше жауап алар едіңіздер. “Нұр Отан”партиясының жергілікті өкілдері әскери прокуратураға хат жолдасын. Оған сіздер көмектесіңіздер. Содан кейін біз – Мәжіліс депутаттары әскери прокуратурамен байланыс орнатып, қылмыстық істің жүргізілуі қандай деңгейде екендігін сұратамыз.

Әлмағанбет Жанбековтің базынасы денсаулық сақтау саласына қатысты болды. Ол кезінде Семей ядролық полигонында әскерде болған. Одан кейін 46 жыл электрик қызметін атқарыпты. Мұның бәрі азаматтың денсаулығына әсер еткен еткен. Ол 2015 жылы жүрегіне ота жасатады. Бірақ, содан бері мүгедектік ала алмай жүр.

Әлмағанбет Жанбеков – қала тұрғыны:

–  Өзім Шал ақын ауданында қызмет еттім. Ұзақ жылдар бойы жарық желілерін жөндеумен айналыстым. Қысты күндері атпен жүріп, бағаналарды қалыпқа келтіретінбіз. Әскердің де зардабы көп тиді. Отан алдындағы міндетімізді өтеп жүріп, радиацияның салдарынан жерге құлайтынбыз. Бірақ, соның бәріне шыдас беріп, осы күнге жеттік. Алайда, мүгедектік ала алмай жүрм. Осыған көмектессеңіздер деймін.

Әлмағанбет Жанбековтің мәселесін Мәжіліс депутаты Ирина Аронова облыстық прокуратураға жолдау қажеттігін айтты. Осылайша, мүгедектіктің не себепті берілмегендігі жайлы хабар алуға болады деді. Егер тексеріс кезінде сараптама жүргізген мамандар тарапынан қателік табылып жатса, азаматқа мүгедектік тағайындалмақ.

Байболат  Култанов