Білім

Мұғалімдер латын графикасын меңгеруде

Жаңа әліпби бекітілді, оған бейімделген емле де жасалды. Енді, латын графикасын меңгеру қажет. Бұл ретте қазақстандықтардың көшін ұстаздар қауымы бастауда. Өткен жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының жергілікті аға оқытушылары арнайы курстардан өткен екен. Енді, білген-түйгендерін мұғалімдерге жеткізуде. 40 сағатқа шақталған сабақтардың бірінде біздің түсірілім тобы болып қайтты.

Қайта партаға отырып, оқу мен жазуды үйреніп жатқандар – өңірдің ұстаздар қауымы. Мұғалімдер өткен жылы бекітілген латын графикасын меңгеруде. Бүгін курстың 3-ші күні. Сабақтың 16 сағаты өткізілген. Осы уақыт ішінде педагогтар әліпби мен оған сай бейімделген емлені толық жаттаған екен. Қазір оқу мен жазу дағдыларын дамытуда. Әрбіреуінің алдында түрлі тақырыптағы мәтіндер мен өлең жолдары жатыр. Бірі оны әлі де ежіктеп оқыса, жастар жағы зуылдатуда. Себебі, олар үшін латын қаріптері таңсық емес.

Әйгерім Әбдрахманова – Т.Позолотин атындағы №1 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Есіл ауданы:

– Курстан көп нәрсе үйрендік. Қалай оқып, әріптерді қалай жазу керектігін үйрендік. Әсіресе, қосарланған, біріккен сөздердің емлесімен таныстық.

Латын әліпбиін меңгеремін деген қазақстандықтардың көшін әлбетте ұстаздар қауымы бірінші болып бастады. Өткен жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының жергілікті аға оқытушылары арнайы курстардан өткен екен. Енді 5 бірдей теріскейлік тренер білімдерімен педагогтармен бөлісуге даяр.

Балғаным Оспанова – «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы СҚО ПҚ БАИ аға оқытушысы, тренері: 

Емленің барлық тарауларына тоқталып, меңгерді. Мұғалімдердің көз және қол дағдыларын дамытуға көп көңіл бөлеміз.

Әзірге, «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының филиалында бұл курстар ақылы түрде өтуде. 40 сағатқа шақталған сабақтың құны 12 мың теңгені құрайды.

Эльмира Сәдуақасова