Спорт

Кикбоксингтен республикалық турнир өз мәресіне жетті

Шаршы алаң шеберлерінің сайысы өз мәресіне жетті. Петропавлда ерлер мен әйелдер арасында кикбоксингтен ұйымдастырылған республикалық турнир өз мәресіне жетті.

Тараздық Бақберген Тоқтасын – финалға сүрінбей өткендердің бірі. Алғашқы кездесуінде қарсыласын 1-раундта сұлатып түсіріп, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтаған. Ал бүгін оңтүстік астанадан келген Мақсат Бейсенбекті жеңу оңайға соқпағанын айтады. Бұл бәсекеде алматылық спортшының шабуылын тойтара білген Бақберген қазылардың шешімімен жеңімпаз атанды. 17 жастағы кикбоксшы спорттың бұл түрімен 4 жыл айналысады екен. Осы уақыттың ішінде ол әлем біріншілігіне қатысып, қола медальды жеңіп алған. Бүгінде айы оңынан туып, 81 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды.

Бақберген Тоқтасын – кикбоксшы, Тараз қаласы:

– Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Қарсыласыммен бұған дейін кездескенмін. Бүгін 2-ші рет шығып тұрмыз. Бұл жолы ол тактикасын өзгерткен.

Нәзікжандылар арасында солтүстікқазақстандық Жансұлу Қаржауова тараздық кикбоксшыны 2-раундта нокаутқа жіберіп, ақтық кезеңге жолдама алған. Финалдық кездесуде оның қарсыласы – жерлесі Эльмира Кунахунова. Екеуі де облысымыздың мықты деген спортшылары. Жекпе-жектің басында Жансұлу шабуылға көшкенімен, қарсыласының жойқын соққыларына тап болды. Ал келесі раундта есепті теңестіре білді. Дүйім жұрттың көңілінен шыққан бұл бәсекеде Жансұлу Қаржауова үздік атанды.

Жансұлу Қаржауова – кикбокшы, СҚО:

– Соңғы қарсыласым өте мықты болды. Жеңісімді өз мектебім мен бапкеріме арнаймын.

Жылына 2 рет ұйымдастырылып тұратын турнирде оза шапқандарға кубоктар мен медальдар табысталды.