ТЖ

Жыл басынан бері облыс аумағында 35 өрт оқиғасы тіркелген

Сейсенбі күні Қызылжар ауданындағы ауылдардың бірінде тұрғын үйден өрт шықты. Салдарынан 47 жастағы баспана иесі қаза тапты. Бұл соңғы бірнеше күнде орын алған жалғыз төтенше жағдай емес. Жалпы, аяз басталғалы 112 нөміріне 2500 қоңырау келіп түскен. Құтқарушылардан көмек сұрағандардың арасында қар құрсауында қалып қойған тұрғындар бар.

Қызылжар ауданының Архангельское ауылындағы үйде өрт кеше кешкі сағат 8-дер шамасында орын алды. Қызыл жалын әп-сәтте 190 шаршы метр аумақты жермен-жексен қылған. Мамандардың мәліметінше, жанып тұрған газ плитасы қараусыз қалдырылыпты. Өрт салдарынан 47 жастағы үй иесі жан тапсырды.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Өрт бөліміне 20-09-да хабар түсті. Өрт сөндіре бастағанда үйдің ішінде ер адам қалып қойды деген хабар болды. Ол үйге қызын құтқару үшін кірген. Бірақ, бұдан кейінгі мәлімет бойынша ол құжаттарын алып келу үшін кіргені белгілі болды. Кейін қайта шыға алмаған.

Негізі, осы соңғы аязды күндері 112 нөміріне теріскейліктертің тарапынан 2500-ге жуық қоңырау түсіпті. Құтқарушылардан көмек сұрағандардың арасында қар құрсауында қалып қойғандар да болған. Мәселен, ақпанның 4-і Уәлиханов ауданындағы Көктерек ауылының маңында 2 жүк көлігі қалың қарға белшеден батқан. Абырой болғанда, құтқарушылар дер кезінде келіп, 2 жерлесімізді ажалдан аман алып қалыпты.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Сонымен қатар Ғ.Мүсірепов ауданында Екатеринбург-Алматы автокөлік жолының 737 км-де Западный елді мекенінің маңында қысқы дизельдік отынның қатып қалуына байланысты жүк көлігі тұрып қалды. Оларға да дер кезінде көмек көрсетілді.

Мамандардың айтуынша, жалпы өткен жылы облыс аумағында 742 өрт оқиғасы тіркелген. Олардың 73 пайызы тұрғын үй секторында орын алса керек.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– 37 адам қаза тапты, 19 адам жарақат алған. Көбінесе бұл – әлеуметтік бейімделмеген азаматтар. Сонымен қатар, алкоголь өнімдерін ішіп, қауіпсіздік ережелерін ескермейтін тұлғалар.

Биылғы статистика да көңіл көншітпейді. Жыл басталғалы Солтүстік Қазақстан аумағында 35 өрт оқиғасы орын алыпты. Қызыл жалын 4 бірдей тұрғынның өмірін жалмаған.

Молдир Шаяхмет