Құқық қорғау органдары

Тәртіп сақшылары екі адамның өмірін құтқарған

Өңірде сарышұнақ аяз басталғалы бері тәртіп сақшылары рейд шараларын күшейткен. Олар жалғызбасты қариялар мен көпбалалы отбасылардың үйлеріне барып, көмек қолын созуда. Осындай шаралардың барысында полиция қызметкерлері екі бірдей теріскейліктің өмірін құтқарған.

Аққайың ауданындағы Қиялы ауылдық округінің әкімі мен учаскелік инспектор 57 жастағы зағип азаматтың үйіне барған. Сөйтсе, ауыл тұрғынында не көмір, не отын жоқ. Үйдің суықтығынан оны үсік шала бастаған. Қазір ер адам ауруханада ем алып жатыр.

Ал Жамбыл ауданындағы Пресновка ауылында 70 жастағы зейнеткер үйдің пешін жағамын дегенде жоғарыда тұрған тақтайдың отқа оранғанын байқамаған. Баспанадан түтін шығып жатқанын бейнебақылау камерасын қарап отырған полиция инспекторы көріп қалыпты. Ол бірден өрт сөндірушілерге хабар берген. Абырой болғанда, үй иесі дін аман.

– Дрова есть у вас? – Есть, есть. Друг пришел, затопил печку, ушел. – Так, все нормально у вас? Два раза в день приходит, печку топит. – Утром и вечером.

Бұндай рейдтерге учаскелік инспекторлармен қоса, жұмысқа енді тұрған мамандар да тартылады екен.

Наталья Калинина – СҚО ПД кадрлық жұмыс басқармасының бастығы:

– Біздің өңірімізде 270 жас маман қызметте жүр. Біздің мақсатымыз – оларды тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ тұрғындармен қарым-қатынас жүргізуді үйрету. Олар халыққа қолдан келер көмекті аямауы қажет.

Осылайша, рейд барысында тәртіп сақшылары жүзден аса тұрғын үйді аралап, зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларға жәрдемдескен. Атап айтар болсақ, отын жарып, су тасып, қар күреп беріпті.

Эльмира Садвокасова