Денсаулық сақтау

Соңғы 2 күнде 5 қала тұрғыны үсініп, ауруханаға түскен

Аяздың салдары! Апта басынан бері теріскей аумағында ауа температурасы күрт төмендеп, жерлестерімізді әбден әбігерге салуда. Соңғы екі күнде 5 қала тұрғынын үсік шалып, ауруханаға түскен.

Саят Ермек – тілші:

– Өңірде сүйектен өтетін сарышұнақ аяз қақап тұрғалы бүгін үшінші күн. Түнгі уақытта сынап бағанасы, тіпті 40 градусқа дейін төмен түсті. Қазірдің өзінде интернеттегі мәліметке сенер болсақ, ауа температурасы шамамен минус 30-ды көрсетіп тұр. Өзімізді қаншалықты суыққа төзімді солтүстіктің азаматтарымыз десек те, бұл күндері қол мен аяқ саусақтарын, құлақ пен мұрынды әп-сәтте үсітіп алуға болады.

Сондықтан, қазір мектеп сыныптарында мұғалімдерден басқа жан жоқ. Балалар үйлерінде отыр. Негізі, аязды күндер басталғалы бері 3-ші қалалық аурухананың жарақат бөлімшесіне ондаған жерлесіміз жүгінген. 5-уін 2-ші және 3-ші дәрежедегі үсік шалып, олар стационарға жатқызылыпты. Үсігендердің басым бөлігі – үй-күйі жоқтар немесе ішімдікке тойып алып, көше кезген азаматтар. Ал, бір қала тұрғыны сау күйінде болса да, дене мүшелерін қалай мұздатып алғанын, тіпті сезбеген.

Мейрам Оспанов – №3 қалалық аурухананың жарақат бөлімшесінің дәрігері:

– 22 жастағы жас жігіт қолы мен екі құлағын үсітіп алған. Қолында биялай, басында тоқыма бас киімі болған, бірақ қалай үсініп қалғанын байқамаған. Далада 3 сағат жүріпті. Қазір ауруханада жатыр.

Аяздың әсерінен жас жігіттің тері ұлпалары қатты зақымданыпты. Енді шамамен 3 апта күту керек екен. Оңалу байқалмаса, ампутация жасау қажет болады дейді дәрігерлер. Мінекей, бұл – абайсыздықтың салдары. Егер аязды күні ашық дене мүшелерінің бозарып, жансызданғанын байқасаңыз, бірден жылы орынға кіріп, үсіген жерді ысқылау керек, бірақ қармен уқалаудың қажеті жоқ. Өйткені, жағдайды ушықтырып аласыз. Ыстық шай да артықшылық етпейді. Ал жоғарыда жіпке тізілген әрекеттерден қайыр болмаса, ең дұрысы – ауруханаға жүгіну. Негізі, бұл күндері жанды күтіп, себепсіз үйден шықпаған абзал. Шыға қалсаңыз, далада ұзақ уақыт жүруге болмайды.

 

Саят Ермек