Халық тарих толқынында

Шал ақын ауданында Ботай мәдениеті туралы көрме қанат жайды

Жылқы төлі тұңғыш рет қолға үйретілген мекен. Әйгілі Ботай тұрағы туралы мол деректер ауылдағы ағайын үшін қолжетімдірек бола түсті. Облыстық музей бірлестігі “Халық қазынасы” атты акция ұйымдастырып, “Ботай – ата бабалар мұрасы” атты көрмені жұртшылық назарына ұсынды. Ол өңірдің 4 бірдей ауданын араламақ. Жылжымалы көрме алдымен Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейінде қанат жайды.

Ботай қонысы Айыртау ауданындағы Никольское ауылынан 1,5 шақырым жерде сонау 80-ші жылы табылған. Аумағы 15 гектарды құрайды. Шамамен 40 жылдың ішінде қоныстан 100-ге жуық үй-жай, 300 мың жәдігер қазылып алынып, жіті зерттеліпті. Бұл -әлемдік тарихта үлкен маңызға ие мекен. Себебі, жылқы малының осы жерде алғаш қолға үйретілгенін ғалымдар дәлелдеп шығарды.

Виктор Зайберт, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Археология және дала өркениеттері» ғылыми-зерттеу институтының директоры, Алматы қаласы:

– Бұл – осыдан шамамен 6 мың жыл бұрын болған оқиға. Осылайша, адамзат тарихында жаңа кезең бастау алған болатын. Яғни, миллиондаған жылға созылған жаяу жүру дәуірінің орнына ат-көліктік коммуникациялық өркениет келді. Осының ықпалынан адамдардың өмір сүру ұзақтығы біршама ұзарды деп сеніммен айтуға болады.

Бұл тұнып тұрған тарихқа көз жүгіртіп, тұрақтан табылған жәдігерлердің бірқатарын Шал ақын ауданының тұрғындары бір апта бойы тамашалай алады. “Ботай – ата-бабалар мұрасы” атты көрме Сергеевка қаласындағы аудандық өлкетану музейінде қанат жайып, салтанатты түрде ашылды. Жалпы, көрмеге 36 жәдігер қойылған. Келушілер үшін арнайы интерактивтік аймақ та жасалыпты. Мұнда ботайлықтар күнделікті тұрмыста қолданған ежелгі бұрғы мен дән үккіштің жұмыс істеу принципі көрсетіледі.

Ал, мынау – ежелгі Ботай қонысы тұрғындары баспанасының макеті, мына жерге тұрақ аумағынан табылған жылқы бас сүйектерінің бірі қойылған. Тағы бір қызықты экспонат – бұл адамның бас сүйегі. Оның төбесіне диаметрі жарты сантиметрлік екі бірдей ойық жасалған. Неге? Тұжырымдар көп.

Әлия Усинова – облыстық тарихти-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:

 – Бұл адамға шамамен 13-14 жасында ота, яғни ең бірінші трепанация жасалған деген болжам бар. Немесе, бұл адамның шаман болуы мүмкін. Бұл адам әрі қарай 13-14 жыл өмір сүрген.

Бұл жылжымалы көрме “Халық қазынасы” атты өңірлік акция аясында Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігінің мұрындық болуымен ұйымдастырылып отыр. Бастамаға Елбасының “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласы арқау болған. Бір аптадан соң көрме жиналып, Есіл ауданының орталығы Явленка ауылына жеткізіледі. Кейін М.Жұмабаев және Жамбыл аудандары тұрғындарының назарына ұсынылады.

 

Саят Ермек