Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Киров атындағы зауытта болды

Өңірімізге іссапармен Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты келді. Олар қаламыздағы Киров атындағы зауытта болды. Өндіріс ошағында халық қалаулылары цехтарды аралады, мамандардың жұмысымен танысып, алға қойған жоспарларымен бөлісті.

Бұл – Киров атындағы зауыттың №3 цехы. Мұнда мамандар механикалық өндеу жұмыстарын жүргізеді. Яғни, металдан түрлі бұйымдардың бөлшектерін әзірлейді. Мәжіліс депутатарының өндіріс ошағына жасаған сапары дәл осы жерден басталды. Халық қалаулылары залды аралап, дайындалған дүниелермен жіті танысты.

Ал, бұл – кәсіпорынның 3 қабаты. Мұндағы бөлмелерде 2 қатпарлы электронды плата шығарылады. Ондай дүниенің Қазақстан бойынша баламасы жоқ. Сондықтан, еліміздің әр өңірі теріскейден заманауи тауарды алып пайдаланады. Бірақ, аталған дүние соңғы үлгідегі цифрлы технологияларға сай келмейді екен. Сол себепті, зауытта жаңғырту жұмыстары жүргізілгелі отыр.

Александр Криволапов – “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ өндіріс басшысы:

– Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде 14 қабатты платаларды шығаруға мүмкіндік туады. Осының арқасында біз ТМД ғана емес, шет елдердің зауыттарымен бәсекеге түсе аламыз. Модернизацияға тоқталатын болсам, кәсіпорынға инвестициялық бағдарлама аясында мемлекеттен қаржы бөлінеді. Ол ақшаға озық елдерден заманауи құрылғыларды экспорттаймыз. Қондырғылардың алғашқы бөлігі келді. Олар жарты жылдың ішінде іске қосылады.

Заманауи қондырғылар іске қосылысымен, зауыт қызметкерлерінің саны артады. Қазіргі таңда мұнда 600-ге жуық адам еңбек етеді екен. Кәсіпорынмен танысу барысында елордалық меймандар Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы» жаңа заң жобасы туралы айтты. Аталған құжатта ақпараттық қауіпсіздікті жетілдіруге аса мән беріліпті.

Ирина Аронова – ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы:

– Біз зауытты аралап жүріп технологиялардың қалай жасалатындығын көрдік. Ондай дүниелердің арасында киберқауіпсіздікке бағытталған бұйымдар да бар. Мұндай заманауи дүниелер еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуға серпін береді.

Зауытпен танысу барысында халық қалаулылары әскери қондырғылардың үлгілері орналасқан залға бас сұқты. Бұл жерде қонақтарға радиобайланыстық бөлшектердің жасалуы түсіндірілді.

Култанов Байболат