Спорт

«Құлагер» ХК дайындығын пысықтауда

Турнирлік кестенің 3-сатысынан 7-ші орынға бір-ақ түскен. Соңғы кездесулерінде жақсы ойын өрнегін көрсете алмаған «Құлагер» құрамасы қазір мектептегі сияқты қатемен жұмыс жасап, дайындықтарын пысықтауда. Жалпы, командадағы сәтсіздіктерді бас бапкер Олег Гущин тәжірибелі ойыншылардың жарақат алуымен байланыстырып отыр.

Міне, осылайша күнара хоккейшілер жаттығу өткізіп, шабуыл жасау, мергендік, қақпашының қырағылығы және жылдамдығын тексереді. Соңғы ойындардағы сәтсіздіктерден соң «Құлагер» хоккей клубының жаттықтырушысы қарамағындағылардың дайындығын күшейткен. Бұл алдағы кездесулер кезінде өз нәтижесін береді деген сенімде. Өйткені, кезекті ойынның ауылы алыс емес. Олег Гущиннің тәрбиеленушілері ақпанның 10-ы мен 11-і күндері алматылықтармен кездеспек.

Ильгиз Нуриев – «Құлагер» ХК капитаны:

– Қазір біз үшін ең бастысы алда өтетін ойындарға жақсы дайындалып, кейін қарсыластарды шаң қаптырып кету. «Алматы» командасын жеңсек, онда плэй-оффқа шығамыз. Сондықтан, барымызды салу қажет. Бапкеріміз де дайындықты күшейтті. 15 келі болатын жилеткаларды киіп жаттығып жүрміз.

Үмітсіз шайтан демекші, бапкер Олег Гущин алматылықтармен өтетін ойында құлагерліктер барын салатындығына сенімді.

Олег Гущин – «Құлагер» ХК бас бапкері:

– Алматымен өтетін екі ойында ауырып жатқан мықты қақпашыларымыздың бірі – Дмитрий Хозяшевтің шығатынына үміттеніп отырмыз. Болмаса, жастарды қоюға тура келеді. Ал олардың қақпаны қалай қорғайтынын соңғы ойындардан өздеріңіз көрдіңіздер. Тәжірибелері жетіспейді, әрине. Ал, Андрей Янков маусымның басында жарақат алып, айдынға шықпады. Ол алдағы уақытта да кездесулерге қатыспайды. Тағы бір мықты шабуылшымыз Илья Ахметов те ауырып жатыр.

Жалпы, маусымды жақсы қарқынмен бастаған құлагерліктер соңғы кездері тізгінді босатып жібергендей. Оған дәлел ретінде “Астана” және “Бейбарыс” командаларымен өткен ойындарды келтіруге болады. Сөйтіп, бұған дейін алғашқы үштіктен орын тепкен солтүстікқазақстандық құрама қазір турнирлік кестенің 7-ші сатысына түсіп қалды. Бұл жанкүйерлердің де көңіліне кірбің түсіруде. Олар сүйікті командасына не болғандығын түсінбей дал. Жағдайды құлагерліктерді баптап жүрген Олег Гущин айтып берді.

Олег Гущин – «Құлагер» ХК бас бапкері:

– Соңғы кездері хоккейшілер ойындарға психологиялық тұрғыда дайын болмай жүр. Өйткені, бұрын командада 26-28 адамнан болатын. Қазір ауырып жатқандармен қоса алғанда небары – 23. Сол себепті, оларды алмастыру өте қиын. Хоккейшілерге түсетін ауыртпалық та артты. Мықты тәрбиеленушілерім жарақаттарына байланысты ойнай алмай жүр. Осының бәрі оларға әсер еткен болуы керек. Оның үстіне бюджетіміз де сәл азайды.

Түгел командаға бөлінетін қаржының бір бөлігі жастар құрамасы ашылып, соған жұмсалатын болған. Десе де, Олег Гущиннің айтуынша, хоккейшілердің жалқылары сол күйінде қалыпты. Тіпті, олар жақсы ойын өрнегін көрсеткені үшін сыйақы алады екен. Қаржының жетіспеушілігінен осы маусымда жақсы ойыншылар алуға мүмкіндік болмаған көрінеді. Бірақ, алдағы уақытта қатарға “Горняк” командасынан шабуылшы мен қорғаушы қабылдау жоспарланып отыр. Қазір келіссөздер жүргізілуде. Ал келер маусымнан бастап жастар командасының өз бюджеті болмақ.

Магжан Ахмадина