Денсаулық сақтау

№3 қалалық емханада электрондық кезек жүйесі жұмыс істейді

Бүгінде өңірдегі 2 емдеу мекемесінде электрондық кезек жүйесі жұмыс істейді. Бұл жаңашылдық М.Жұмабаев ауданында жарты жыл бұрын қолға алынса, Петропавлдағы 3-ші емханада биыл ғана іске қосылыпты.

Бұл жүйені 3-ші қалалық емхана мамандары шаһарымызда бірінші болып іске қосқан. Себебі, күн сайын мұнда келетін науқастардың қатары көп. Әсіресе, ақ халаттылардың айтуынша дәрігер көмегіне сейсенбі және бейсенбі күндері тұрғындар жиі жүгінеді екен. Салдарынан қан тапсырып, жүректі тексеруге ұзын-сонар кезек құрылады. Алайда, петропавлдықтардың алған реті әр уақыт сақтала бермейді. Кейін олардың арасында түсініспеушілік туындап жатады. Сол себепті, емхана басшылығы электрондық кезек жүйесін іске қосуды шешкен.

Ақәділ Қаныбек – №3 қалалық емхананың зертханалық-диагностикалық бөлімшесінің меңгерушісі:

– Бұл жүйе дәрігерлер үшін де өте ыңғайлы. Электрондық кезек көмегімен мүгедектер, балалар мен жүкті әйелдерді бөлек-бөлек қабылдау мүмкіндігі бар.

Мұндай терминалдар емхананың бірінші және екінші қабатында орналасқан. Ол арқылы қазір дәрігер қабылдауына жазылып, 3 кабинетке кезекке тұруға болады. Заманауи бағдарламаны “Profit” жеке кәсіпкерлігінің мамандары құрастырған екен.

Антон Юсичев, “Profit” ЖК директоры:

– Жобаны жүзеге асыруға 3 ай уақытымыз кетті. Тиімділігі көп. Мәселен, электрондық кезек жүйесін өткен жылы М.Жұмабаев аудандық орталық ауруханасына орнаттық. Тұрғындар да, ақ халаттылар да жаңашылдыққа үйреніп алды. Қазір бұл бағдарламаны дамыту үстіндеміз. Алдағы уақытта тағы бірқатар функцияларды қосу жоспарда бар.

Қаңтар айында іске қосылған жүйенің игілігін петропавлдықтар да көріп үлгерген. Тұрғындардың айтуынша бұл сөз жүзінде келісілген кезекке қарағанда нақтылығымен тиімді.

– Электрондық кезек өте ыңғайлы. Барлығы терминалдың көмегімен жүзеге асады. Жаңашылдықтың енгізілгеніне қуаныштымын.


– Бұл, әлбетте өте қолайлы. Емханада ұзақ уақыт болмаған едім. Мұндай өзгерістер көңіл қуантады.

Эльмира Садвокасова