Денсаулық сақтау

Созылмалы ауруларды басқару бағдарламасының нәтижесі

Гипертония, қант диабеті мен жүрек ауруларын басқару бағдарламасы. Өңірімізде осыдан 6 жыл бұрын енгізілген канадалық жоба сәтті жұмыс істеп келеді. Бағдарламаға жүздеген теріскейлік қатысып, пайдасын көрген.

Ауруларды басқару бағдарламасы елімізде 2013 жылы іске қосылған. Сол уақытта жоба тек Павлодар мен СҚ облыстарына таныстырылыпты. Сәтті жүзеге аса бастаған соң, біртіндеп өзге аймақтарға да енгізілген көрінеді. Қазір жобаның игілігін әрбір ел тұрғыны көре алады. Канадалық бағдарлама созылмалы ауруға шалдыққандардың дертін асқындырмай, керісінше жақсартуға бағытталған. Ол 3 санаттағы науқастарды қамтиды. Яғни, жүрек аурулары, қант диабеті мен гипертониядан зардап шегетіндер тың жоба арқылы өздерінің жағдайын бірқалыпта ұстай алады.

Харлығаш Әбденова – №3 қалалық емхананың салауатты өмір салты кабинетінің мейірбикесі:

– Біздің №3 қалалық емхана гипертонияға шалдыққан науқастармен жұмыс істеді. Ол үшін жалпы тәжірибелік дәрігер, кардиолог, психолог, әлеуметтік қызметкер мен салауатты өмір салты мамандарынан бір топ құрылды. Олар әрбір адамға қатысты жеке жоспар құрып, оның орындалуын бақылауда ұстады.

5 жылға созылған кешенді жұмыстың нәтижелері ауыз толтырып айтарлықтай. Ауруларды басқару бағдарламасына қатысқан 150 адамның барлығы жеткен жетістіктеріне риза. Басым көпшілігі артық салмақтан арылып, тамақтану мен қимыл-қозғалысын реттепті. Қазір күніне жарты келі көкөніс олардың рациондарының ажырамас бөлігіне айналған. Оған қоса, таза ауада серуендеу мен спортпен шұғылдану да жаңа әдеттердің қатарына енген. Ал, ең бастысы, қан қысымын қалыпта ұстау мүмкіндігі туды. Бұл жайт Любовь Недостоева үшін аса қуантарлық. Шамамен 6 жыл бұрын ол дәрігер қабылдауына келгенде қысымы 200/100 болыпты. Сондықтан, ақ халаттылардан тың жоба туралы естігенде ойланбастан келіскен

Любовь Недостоева:

– Осы 5 жылдың ішінде түйгенім: міндетті түрде диета ұстап, спортпен айналысу қажет. Мен бассейнге жазылып, суға түсетін болдым. Ал, жаз уақытында өзімнің бақшамда жұмыс істейтінмін. Оған қоса, күніне екі мәрте қан қысымымды тексеруді әдетке айналдырдым. Нәтиже 1 жылдан соң байқалды, 15 келідей артық салмақ тастап, жағдайым бірқалыпты бола түсті. Мамандар әрдайым хабарласып, дәрігер қабылдауына шақырып тұратын.

Айта кеткен жөн, 2018 жылдан бастап ауруларды басқару бағдарламасымен учаскелік дәрігерлер арқылы жұмыс істеуге болады.

 

Эльмира Садвокасова