Қоғам

“Өрлеу” біліктілікті арттыру орталығында Әскери институт педагогтарына арналған семинар өтіп жатыр

“Өрлеу” біліктілікті арттыру орталығында Әскери институт педагогтарына арналып оқу-әдістемелік жиын ұйымдастырылды. Шара барасында 50-ден астам мұғалім 3 бағыт бойынша білімдерін жетілдіріп, тәжірибелерімен алмасты.

Семинарға Әскери институттың 8 кафедрасынан 50-ден астам педагог қатысуда. Олардың арасында техникалық және тылдық қамтамасыз ету кафедрасының профессоры Тілеген Аманғалиев та бар. Подполковник курсанттарды 6 жылдың көлемінде оқытып келеді. Қазіргі заман сандық технологиялар ғасыры болғандықтан, семинарға қатысып, осы салада білімін одан әрі жетілдіруді жөн көріпті.

Тілеген Аманғалиев – ҚР ҰҰ Әскери институты техникалық және тылдық қамтамасыз ету кафедрасының профессоры:

– Осы жиында біз болашақ офицерлерді дайындау үшін қажетті оқытудың әр түрлі әдістері туралы көп мағлұмат алып жатырмыз. Презентация жасаудың мен үшін құпия жақтарын игердім деп айта аламын. Енді қызмет барысында қолданатын боламын.

Оқу-әдістемелік жиын барысында қатысушылар 3 топқа бөлініп, бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеуде. Мұндай семинар өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Алмаз Тұрсынбеков – “Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы “СҚО ПҚ БАИ” ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы:

– Мұндай жиындарда тәжірибе алмасу арқылы өзіміздің заманауи педагогикалық технологияларды, жаңадан инфографика жүзінде қалай презентация жасау керек екенін көрсетіп жатырмыз.

3 күндік оқу-әдістемелік жиын соңында педагогтарға “Өрлеу” біліктілікті арттыру орталығының атынан арнайы сертификаттар табысталады.

 

Молдир Шаяхмет