Қоғам

Петропавлда зағиптарға арналған қыш құмыра жасау үйірмесі жұмыс істейді

Бүгінгі күні облыста көзінің кемістігі бар 900-ден аса адам тұрады. Бұл жандардың оқып, шығармашылықпен айналысып, жұмыс істеулері үшін өңірде біраз шаруа атқарылып жатыр. Мәселен, қаламыздағы Қазақ зағиптар қоғамының облыстық филиалында бірнеше қосымша сабақтар өткізіледі.

Көзі нашар көретін тұрғындарға арналған үйірмені Вадим Вольф есімді жерлесіміз ашыпты. Ол Қазақ зағиптар қоғамының облыстық филиалына аптасына 2 мәрте келіп, жарымжан адамдарға қыш құмыра жасауды үйретеді. Мұндай іспен айналысу жомарт азаматтың жанына жақын екен. Сол себепті, шебер сабақтарын тегін өткізеді.

Айнагүл Тәшенова – “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ филиалының төрайымы:

– Бастапқыда саздан түрлі заттарды жасай аламыз ба, алмаймыз ба деген ой туындады. Сосын келісімімді беріп, үйірме аштық. Оған еш өкінбеймін. Себебі, мұнда 6 адам қыш құмыра әзірлеудің әдістерін меңгеріп жатыр. Негізі, зағип жандарда дене түйсігі арқылы сезіну жақсы дамыған. Сол себепті, олар керемет дүниелерді жасай алады.

Үйірмеге Алмагүл Қанафина да қатысады. Нәзікжанды осыдан біраз жылдар бұрын 12 мүшесі сау адам қатарында болыпты. Ол лицейді тәмамдап, университетке оқуға түскен. Алайда, жерлесіміздің өмірі бір-ақ күнде өзгерді. Оны көлік қағып, 100 пайыз көру мүмкіндігінен айырған екен. Дегенмен, азаматшаның қос шырағы сөнсе де, жүректегі жігері өшкен жоқ. Зағип жан табандылығының арқасында іс тігуді, шахмат ойнауды үйреніпті. Бүгінде құмыра жасауды меңгеріп жүр.

Алмагүл Қанафина:

– Ваза жасап жатырмыз. Оған гүл, шыбықтарды салатын боламыз. Сазбен жұмыс істеген ұнайды. Тіпті, бұл өнер іс тіккеннен де артық дер едім. Өзім ұлттық нақыштағы сандық, қоржындарды тігемін.

Жұпар Абраева да бұл өнерден құр алақан емес. Ол да саздан түрлі бұйымдар жасап жүр. Оған қоса қоғамдық бірлестіктегі адамдарға гаджеттерді қолдануды үйретеді. Тағы, тетар үйірмесіне де барады.

Жұпар Абраева:

– Қыштан құмыра жасаудамыз. Бізге осындай үйірме ашу жайлы ұсыныс тасталғанда бірден келістік. Жасап жатқан ісіміз өзімізге ұнайды. Сабаққа құлшыныспен келеміз.

Жалпы, зағиптар қоғамында әр күн бос өтпейді. Мұнда спектакль қойылады, үстел ойындары ойналады. Оның бәрі мүгедек адамдардың қоғамның толық бір мүшесі екендіктерін сезінуі үшін жасалады. Айта кетейік, бүгінде өңірде көзінің кемістігі бар 900-ден аса адам тұрады. Олардың шамамен жартысы мүлдем көру мүмкіндігінен айрылған.

Култанов Байболат