МТРА жаңалықтары

Петропавлда кикбоксингтен республикалық чемпионат өтуде

Камиль Сафин атындағы бокс мектебінде ерлер мен әйелдер арасында кикбоксингтен республикалық турнир бастау алды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 175 спортшы қатысып жатыр.

Сап түзеген бұл спортшылардың басым бөлігі – спорт шеберлері. Өз өңірлерінде өткен чемпионаттардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Ұйымдастырушылардың айтуынша өңірімізде спорттың бұл түрі жыл санап дамып келеді. Дәстүрлі түрде өткізілетін чемпионаттың Қызылжарда өтуі біз үшін зор құрмет дейді олар.

Сабыржан Сақтанов – жарыс ұйымдастырушысы:

 – Солтүстік Қазақстан кубогы турниріне мықты деген спортшылар келді. Биыл бұл чемпионатқа өткен жылға қарағанда командалар көп қатысуда.

Алғашқы боп шаршы алаңғақ қызылжарлық Мағжан Зағыпаров пен шымкенттік Константин Купирянов шықты. Бірінші раундта-ақ Мағжан қарсыласына жойқын соққыларын дарытқанымен, Константинді құлатуға шамасы жетпеді. Ал келесі раундта Константин де өзінің тактикасын қолданып, қарсыласын есеңгіретіп тастады. Нәтижесінде шымкенттік спортшы жеңіске жетті.

Мағжан Зағыпаров – кикбоксшы, СҚО:

 – Қарсыласым жақсы дайындалып келген. Турнир үлкен дәрежеде өтіп жатыр.

Келесі болып тараздық Әсет Сейілхан мен қарағандылық спортшы күш сынасты. Екеуі де бір-біріне алма-кезек соққылар жұмсап, жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Соңғы раундта бапкерінің кеңесін алған Әсет аяғын қарсыласына жиі бағыттап, шабуылдауына мүмкіндік бермеді.

Әсет Сейілхан – кикбоксшы, Тараз қаласы:

 – Қарсыласым – бұрынан қатысып жатқан мықты спортшы. Алдын ала құрған тактикаммен бапкерлердің кеңесін тыңдап, жеңіске жеттім.

Үздіктердің басын қосқан бұл жарыс 3 күнге созылмақ. Турнирде жеңіске жеткен спортшылар алдағы уақытта халықаралық чемпионатта еліміздің намысын қорғайтын болады.