МТРА жаңалықтары

Мүлік және жекешелендіру департаментінің өткен жылы атқарған жұмысы

Қаламнан бастап автокөлікке дейін. Gosreestr.kz сайтынан кез келген тауарды қолжетімді бағамен табуға болады. Былтырғы жылы электрондық аукцион барысында 26 машина өз иесін тапқан. Сатылым кезінде, тіпті 350-ге жуық шоколадтық өнім саудаланыпты. Өндірілген 56 млн теңгеден астам қаржы ел бюджетіне түскен екен. Бұл туралы 2018 жылды қорытындылаған облыстық мүлік және жекешелендіру департаментінің қызметкерлері баяндады.

 Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Шоколад, блокнот пен автоқалам. Бұл – былтырғы жылы мемлекеттік қызметшілерге алғыс ретінде ұсынылған сыйлықтардың бір бөлігі. Оны мамандар өз еріктерімен облыстық мүлік және жекешелендіру департаментіне тапсырыпты. Дүниелердің барлығы электрондық аукционға шығарылып, сатылымға қойылған. Тауарлардың бағасы да қалта қақпайды, белгіленген құны дүкендегіден едәуір төмен.

Мәселен, бағасы 300-400 болатын шоколадты мұндай сауда барысында 75-ақ теңгеге сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Өндірілген ақшаның барлығы кейін ел қазынасына өтеді. Gosreestr.kz сайтында ұйымдастырылатын аукционға, сондай-ақ сот шешімі бойынша тәркіленген заттар да қойылады. Олардың дені алдымен мемлекеттік органдардың қолданысына ұсынылады. Мәселен, Peugeot маркалы автомобильдің тағдыры дәл осылай шешілген. Қазір көлік – облыстық экология департаментінің меншігінде.

Далабай Қабдуалиев – СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы:

– 2018 жылдың басында департаментте 13 бірлік тәркіленген техника болды. Кейін тағы 12 айда 24 бірлік техника тапсырылды.

Ал, аукционнан бірнеше рет қайтқан тауарлардың бағасы әрбір сатылым сайын төмендей бастайды. Ең соңында затты 1 тг-ге алуға болады. Ол үшін gosreestr.kz-ке тіркеліп, алғашқы жарнаны төлеу қажет. Егер сауда-саттыққа қатыспайтын болсаңыз, аударылған ақша қайтарылады.

Далабай Қабдуалиев – СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы:

– 2018 жылы электрондық аукцион арқылы 20288 алкогольдік өнім қойылды. Оның барлығы сатылып, мемлекетке 1 157 372 тг өндіріліп алынды.

Тәркіленген темекі өнімдерінің барлығы бірдей арнайы полигонда жойылады. Себебі, оны сатуға рұқсат жоқ екен. Мамандар тағы жергілікті органдардың ғимаратында аумақтың тиімді пайдалануын бақылайды. Мәселен, облыс орталығындағы бөлім басшысы кабинетінің кеңдігі – 25, ал ауданда 20 шаршы метрден аспауы тиіс. Ал, қарапайым қызметкерге соңғы аталғаннан 3 есе аз аумақ қарастырылған. Бұл талаптар 2015 жылы қабылданған екен. Мұндай тексеріс былтыр өз нәтижесін беріпті. Ғ.Мүсірепов ауданындағы мемлекеттік кіріс мекемесінің мамандары қазынашылық басқармасының қызметкерлерімен қазір бір ғимаратты бөлісіп отыр. Себебі, соңғылары бұған дейін жыл сайын өздеріне жалға берілген нысан үшін бақандай 1 млн теңге төлеп келген. Енді, үнемделген қаржы қазына қоржынында қалмақ. Жалпы, былтыр тексеріс жұмыстары облыс бойынша 213 аумақтық мемлекеттік органды қамтыған.

Қайрат Омаров – СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы:

– Өткізілген түгендеудің нәтижесінде барлық мекемелерден 10 мың шаршы метрден астам артық алаңды алып отырған үй-жайлар анықталды. Солардың ішінде ұсынуымыз: 2600 шаршы метрді басқа мемлекеттік құрылымдарға немесе жалға беруді қарастыру, 2884 шаршы метрді коммуналдық меншікке тапсыру және 102 шаршы метрді жекешелендіруге беруді қарастыру.

Қалған бос 4700 шаршы метрді не жалға беруге, не коммуналдық меншікке тапсыруға келмейді. Мұндай олқылық, әсіресе, Кеңес үкіметі кезінде тұрғызылған мекемелерде кездесеетін көрінеді. Өйткені, ондағы кабинеттер де, дәліздер де кең болып келеді.

 

Эльмира Садвокасова