Білім

ЛОРД мектеп-лицейінде мұғалімдерге арналған семинар-практикум өтті

Авторлық бағдарламаны қалай жазу керек? Бүгін ЛОРД мектеп-лицейінде осы турасында мұғалімдерге арналған семинар-практикум өтті. Шара барысында республикалық “Ең үздік авторлық бағдарлама” байқауының жеңімпаздары тәжірибелерімен бөлісті.

Бүгінгі семинар-практикум теория және тәжірибе жүзінде өтуде. Оған мектепке дейінгі, бастауыш және орта білім беру ұйымдарынан 40-қа жуық педагог қатысып жатыр. Солардың бірі – 9 орта мектебінің мұғалімі Әлия Хұсаинова. Ол өткен жылы жаратылыстану пәні бойынша авторлық жобасын бастаған екен. Енді осы семинардан кейін жұмысын жетілдірмек ниетте.

Әлия Хұсаинова – №9 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

– Сабақ барысында оқушылар өздері сұрақ қойып, ізденеді. Бұл ретте мұғалім дұрыс бағыт-бағдар беруі тиіс. Осыған орай авторлық бағдарлама жасау арқылы үлкен нәтижеге қол жеткізуге болады. Бүгінгі семинарға жоба құрудың қыр-сырын үйрену үшін келдім.

Авторлық бағдарлама жасаудан республикалық байқау жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Былтыр қараша айында өткен конкурста ЛОРД мектеп-лицейінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Рахат Әзімбаева 2-ші орынға ие болыпты. 3 жылдай еңбектеніп жасаған бағдарламасын қазір сабақ жүзінде қолданады екен. Бүгінгі семинар барысында білікті педагог қатысушыларға авторлық жоба жазыпғ оны қорғаудың қыр-сырын түсіндіріп берді.

Рахат Әзімбаева – Дарынды балаларға мамандандырылған ЛОРД мектеп-лицейінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі:

– Авторлық бағдарлама – бұл білім саласында туындайтын кейбір сұрақтарды немесе мәселелерді шешуге арналған құрал. Оның өзінің кезеңдері болады. Ол – құру, практикада қолдану және сараптама.

Жалпы, авторлық бағдарлама жазудан байқау облыс көлемінде де бір ай бұрын ұйымдастырылған болатын. Оған өңіріміздің 130-ға жуық ұстазы жұмыстарын ұсынып, іріктеуден тек 60-сы ғана өткен екен. Нәтижесінде 29 қатысушының жобасы үздік деп танылыпты.

Молдир Шаяхмет