Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сертификатталмаған 100 тоннадан астам астық Ресейге қайтарылды

СҚО аумақтық инспекциясында арнайы құрылған 4 мобильдік топ бар. Мамандар өңірімізге карантинге жатқызылған өнімдердің заңсыз жолмен әкелінбеуін қадағалайды. Міне, осы қызметкерлер жыл басынан бері фитосанитарлық сертификаты жоқ ресейлік 7 астық камазын анықтапты. Оларды елдеріне кері қайтарып, тасымалдаушы жандарға айыппұл салған екен.

Бұл – өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторлардың әдеттегі жұмысы. Олар өңірімізге Қазақстанның өзге аймақтарынан және шетелден келе жатқан жүк көліктерін тоқтатып, жүргізушінің және тауардың құжаттарын тексереді.

Мәселен, мына ресейлік жүргізушінің барлық құжаттары бар. Бірақ, Камаздағы астықтың фитосанитарлық сертификаты жоқ. Сондықтан, азамат тауарды діттеген жеріне жеткізбей, еліне қайтады. Былтыр өңірімізде мұндай карантинге жатқызылған өнімдердің талапқа сай болмау фактісі 65 мәрте орын алыпты. Нәтижесінде заң бұзған тасымалдаушыларға жалпы сомасы 2 жарым млн теңгеден асатын 55 айыппұл салынған екен.

Ильмира Қажымұратова – СҚО аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы:

– Үстіміздегі жылы біздің мамандар өңірімізге Ресейден келген 87 жүк көлігін тексерді. Яғни, ондағы карантинге жатқызылған 2 мың 139 тонна өнімнің фитосанитарлық сертификатын тексерді. Нәтижесінде 7 Камаздағы тауардың талапқа сай келмейтіндігі анықталып, тасымалдаушыларға 176 мың теңге айыппұл салынды. Тағы, біз облыс аумағына еліміздің өзге аймақтарынан бет алған машиналарды тоқтатып, карантиндік құжаттарын қараймыз. Биыл 4 көлік жүргізушісінің тиісті куәлігі болмады. Сондықтан, оларға 100 мың теңгенің үстінде әкімшілік айыппұл салынды.

Ал, облыстық карантиндік зертхана өкілдерінің жұмысы басқа. Олар құжаттарды емес, карантинге жатқызылған өнімдердегі ауруларды, жәндіктерді анықтайды. Мәселен, былтыр мамандар литвалық гүлден трипс атты зиянкесті, түркиялық қызанақтан – көбелекті, Ресейден жеткізілген ағаштан қара қоңыздарды тауыпты.

Юлия Ковнацкая – СҚО карантиндік зертханасының директоры:

– Жыл басынан карантиндік зертханаға карантинге жатқызылған дүниенің 24 түрі келіп түсті. Олардың 15-сі шет елдерден импортталатын тауар болып саналады. Бұл өнімдерге 54 тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде ешқандай заңбұзушылық табылмады. Жалпы, біз 230-дан аса тауарға сараптама жүргізе аламыз.

2019 жылы облыстық карантиндік зертхананы заманауи құралдармен жабдықтау жоспарланып отыр. Бұл сарапталық жұмыстарды жылдам әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік бермек.

 

 

Култанов Байболат