Балалар

СҚО оқушылары республикалық “Зерде” байқауынан жоғары нәтижемен оралды

Қаңтардың 30-ы мен ақпанның 1-і аралығында Щучье қаласында республикалық “Зерде” жас зерттеушілер байқауы өткен болатын. Сайысқа Солтүстік Қазақстан облысынан 21 балғын қатысып, барлығы бірдей жүлделі оралды.

Қарағанды-Омбы бағытындағы поезд Петропавл вокзалына жақындап келеді. Ал темір жол маңында халық көп. Бәрі түрлі-түсті шарлар мен плакаттар ұстаған. Бірі – баласын, енді бірі – оқушыларын, ал үшіншілері сыныптастарын қарсы алуда. Бұл жеткіншектер – Щучье қаласында өткен “Зерде” жас зерттеушілер конкурсының жеңімпаздары мен жүлдегерлері.

Мәулен мен Алдияр Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның 2-ші сыныбында оқиды. Айырылмас достар әрі сыныптастар оқу жылының басында бірлесіп жоба жазуды шешкен. Таңдаған тақырыптары да қызықты. Осылайша, балғындар өзге өңірлерден келген кішкентай зерттеушілерден оза шауып, 1-ші орынды иеленіпті.

Мәулен Қожахмет – Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия оқушысы:

– Біз таңдаған тақырып – қазақ, орыс және ағылшын ертегілерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтары. Барлығы 50 ертегіні зерттедік.

Алдияр Глотов – Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия оқушысы:

– Щучьеде жақсы болды. Бізге ұнады. Жаңа достар таптық. Біз бірінші орын алғанда өте жақсы көңіл болды.

Жалпы, 1-ші және 7-ші сынып аралығындағы оқушылардың ғылыми жобалар сайысына биылғы жылы теріскейден 21 балғын қатысқан. Олар 8 пән бойынша 17 жоба қорғапты. Бұл жұмыстардың бәрін Шучьедегі байқау қазылары жоғары бағаласа керек. Осылайша, жерлес балғындар өңір тарихында оқушылар арасында бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізген.

Райса Абуева – Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның бастауыш сынып мұғалімі:

– Жас ерекшеліктеріне қарай 1-4 сыныптар және 5-7 сыныптарға бөлінді. Арасында жұптық жұмыстар да болды. Барлық жобалар нәтижемен келді. Бірінші орындар саны – 6, екінші орындар – 4, ал үшінші орындар саны 7. Балалар өздерін жоғары деңгейде көрсетті, бізді ерекше атап өтті.

Айта кеткен жөн, конкурста күллі Қазақстан бойынша 530-дан астам жас зерттеуші бақ сынаған. Нәтижесінде, қорғалған солтүстікқазақстандық 17 жобаның авторлары, яғни 21 оқушының барлығы өлкеге қанжығаларын майлап оралды.

Саят Ермек