Қоғам

Маусымның 8-і Петропавлдан Шарм-эль-Шейх қаласына алғашқы рейс қатынайды

Өңірде Петропавл халықаралық әуежайынан Египеттегі Шарм-эль-Шейх қаласына тікелей ұшақ қатынайтын болады. Алғашқы рейс үстіміздегі жылдың 8-ші маусымынан басталады.

Шарм-эль-Шейх – Египеттің оңтүстігінде Қызыл теңіз жағалауында орналасқан курортты қала. Ол басқаларынан табиғатының байлығы мен ауасының ылғалдылығы бойынша ерекшеленеді. Енді бұл жерге осы жылдың 8-ші маусымынан бастап Петропавл халықаралық әуежайынан тікелей ұшақ қатынайтын болады. Теріскейліктердің Египетке небәрі 5 жарым сағат ішінде жететін мүмкіндіктері бар. Рейс 10 күнде бір рет жүзеге асырылмақ. Әуе кемесін жалдаушы Шымкент қаласындағы туроператор болып табылады.

Екатерина Русова – туристік компанияның бөлім жетекшісі, Шымкент қаласы:

– Шарм-эль-Шейх курортына 10 күндік жолдаманың құны бір адамға 500 долларды құрайды. Бұл шамамен – 170 мың теңге. Түркия елінің курорттарымен салыстырғанда жолдама бағасы әлдеқайда төмен. Осы бағаға үш жұлдызды қонақ үй, мейманхана, тамақ пен ұшу құны кіреді. Әуе көлігі 235 орынға шақталған. Туристер сапарға таңғы сағат 6:30-да шығып, 11 кезінде жетеді.

Конференцияға 20-ға жуық туристік агенттік өкілдері қатысуда. Қазіргі таңда бұл фирмаларда тікелей рейстердің ұйымдастырылуына орай жолдамалар сатылымы басталды. Жергілікті туроператорлар мұндай жаңашылдықты қолдап отыр.

Элла Андрощук – туристік агенттігінің директоры, Петропавл қаласы:

– Енді шет елге саяхаттау үшін бұрынғыдай ауыр чемоданды артып, басқа қаладағы әуежайға барудың қажеті жоқ. Барлығы өзіміздің шаһарымызда. Бұл туристер санының артуына ықпал етеді деп ойлаймын. Сондай-ақ, теріскейліктер өздерінің ақшалары мен уақыттарын да үнемдейді. Әзірге, ерте болғандықтан, Шарм-эль-Шейх қаласына жолдама алғандар жоқ. Маусым айына дейін әлі 4 айдай уақыт бар.

Бүгінгі жиынға петропавлдық туроператорлармен қатар, Омбы және Көкшетау қалаларынан да өкілдер келген.
Көкшетаулық фирмалардың бірі осы салада 20 жылдан астам қызмет етеді. Бұған дейін олар туристерді Египетке тек Астана қаласынан аттандыратын. Менеджердің айтуынша, тұрғындардың Петропавлдан да тікелей рейспен қатынауы өте ыңғайлы болмақ.

Зарина Қожағұлова – туристік агенттігінің менеджері, Көкшетау қаласы:

– Біздің туристік агенттікте қазір билет құны шамамен бір адамға 140 мың теңге тұрады. Қазіргі таңда Шарм-эль-Шейх қаласына аттанғылары келетін тұрғындардың қатары артты. Бүгінде бұл бағытта 10-ға жуық жолдама сатылды.

Жалпы, Петропавлда Шарм-эль-Шейх курортты қаласына жолдама алғандардың саны бүгінде 6-ау екен.

Молдир Шаяхмет