Құқық қорғау органдары

Мамлютка қаласында “Есірткісіз болашақ” атты форум өтті

Есірткісіз болашақ! Дәл осындай атаумен Мамлютка қаласында есірткі қылмыстарына қарсы күрес жылының ашылуына арналған форум өтті. Оның аясында оқушылардың өз қолдарымен әзірлеген экспозициялар көрмесі ұйымдастырылды. Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов қатысты.

Бұл көрмеге нашақорлықтың залалын суреттейтін заттар қойылған. Оларды Мамлют ауданының оқушылары өз қолдарымен әзірлепті. Мәселен, мына экспозицияны Мамлют қазақ мектеп-интернатының шәкірттері жасаған. Онда жастар зиянды заттарға тәуелді адамның бейнесін көрсеткен екен. Ал, жанында салауатты өмір салтын ұстанатын және есірткі пайдаланатын адамның өмірін ағаш өскіндерімен бейнелепті.

Нүрзия Қамбарова – Мамлют қазақ мектеп-интернатының оқушысы:

– Салауатты өмір салтын ұстанатын жанның ағашы гүлдеп тұр. Ал, есірткі тұтынатын адамның ағашы солып қалған.

Кейін, жиналған қауым акт залына кірді. Мұнда нашақорлықтың зияны, оның алдын алудың жолдарын хабарлайтын бейнефильм көрсетілді. Бұдан соң, облыстық полиция департаменті есірткіге қарсы күрес басқармасының бастығы Жандос Басыбаев баяндама оқыды.

Жандос Басыбаев – СҚО ПД есірткіге қарсы күрес басқармасының бастығы:

– 2018 жылы өңір аумағында есірткіге қатысты 263 құқық бұзушылық фактісі тіркелді. Заңсыз айналымнан 420 келі зиянды зат алынды. Оның 5,5 кг героин болып табылады. Соңғы уақытта облыста синтетикалық тұз, спайс сынды дүниелер белең алып келеді. Мәселен, 2016 жылы осындай наша түрін тұтынудың 2 фактісі анықталған еді. Ал, былтыр бұл көрсеткіш 52-ге жетті.

Тағы, Жандос Басыбаев нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі ведомствоаралық бағдарламаны таныстырды. Аталған жоба аясында жыл соңына дейін өңіріміздің әр ауданында түрлі шаралар ұйымдастырылмақ. Жиында халық қалаулысы Абай Тасболатов та сөз сөйлеп, бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті.

Абай Тасболатов – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қазіргі таңда нашақорлықтың алдын алу, есірткі қылмыстарының жолын кесуге арналған іс-шара ешбір өңірде бастау алып жатқан жоқ. Тек, Солтүстік Қазақстанда өткізілуде. Бұл, әрине қажет. Себебі, біз жастарға тәрбие беріп, салауатты өмір салтын сақтауларына жол көрсетуіміз қажет. Ұл-қыздарымыздың дені сау, спортпен айналысулары керек. Сонда олардың қоғамға тигізер пайдасы зор болады.

Шара концертпен аяқталды. Ортада жергілікті ұл-қыздардан бөлек, полицейлер де өнер көрсетіп, ән-жырдан шашу шашты.

Култанов Байболат