Спорт

“Құлагер” ХК атыраулық “Бейбарысқа” есе жіберіп алды

“Құлагер” хоккей командасы демалыс күндері атыраулық “Бейбарыспен” кездесті. Алғашқы ойын жергілікті құрама үшін сәтсіз аяқталды. Теріскейліктер қарсыластарынан 5:2 есебімен ойсыра жеңілді. Қарымта матч та қауіпті сәттерге толы болды.

Шынымен де, бүгін құлагерліктерге де, жанкүйерлерге де тек жеңіс қажет. Алайда, кейінгі кезде жергілікті хоккейшілердің жолы болмай келеді. Команда соңғы екі ойында қарсыластарынан ойсыра жеңілді. Олардың бірі – чемпионаттың аутсайдерлері елордалық «Астана» құрамасы болса, екіншілері – атыраулық «Бейбарыс». Соңғыларынан әлі есе қайтару мүмкіндігі бар. Сондықтан, құлагерліктер бірінші период басталғаннан бері қарсылас қақпаны торуылдауда. Тіпті, ойыншылар үшін бірқатар оңтайлы сәттер де туындады. Алайда, барлығы нәтижесіз. Есесіне, атыраулықтар жинақылық танытып, алғашқы кезеңнің соңына 1,5 минут қалғанда есеп ашты.

Алда әлі ойынның 40 минуты бар. Есеп, әзірге 1:0. Құлагерліктерге ұйқыдан оянып, іске кірісу қажет. Бірақ, кей ойыншылар мұз айдынына шайба салу үшін емес, жай ғана уақыт өткізу үшін шыққан сыңайлы. Пасты да олар өз командаласына емес, көз ауған жаққа беруде. Мұндай ойын өрнегі атыраулықтарға майдай жағып тұр. Тиімді сәттердің біреуін де «Бейбарыс» қапы қалдырмады. Екінші периодтың 5-ші минутында 17-нөмірдегі Константин Куликов айдын иелерінің қақпасына кезекті шайбаны салды.

Есеп 2-0. Енді құлагерліктердің соққылары күшейе түсті, ойыншылардың жылдамдығы да артты. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті команда ашуға мінді. Бірақ, өкінішке қарай бұны хоккейшілер дұрыс арнаға бұра алмады.

Жұдырық ала жүгірген ойыншылар жазаланды. Атыраулық хоккейші үлкен айыппен қуылып, ағымдағы ойынға қатысу мүмкіндігінен айырылды. Ал, құлагерлік спортшы болса айдыннан 2 минутқа шығарылды. Матч жалғасуда. Екінші кезеңнің соңына 7 минуттай қалғанда жанкүйерлер бір дүрлікті. Теріскейліктер есеп айырмасын қысқарта алды. Шайба иесі – Ильнар Мисбахов. Осылайша, қос құрама үзіліске тарасты.

– Біздің команда жақсы. Мықты ойыншылар бар. Бірақ, тағы да жігіттерді тарту қажет деп ойлаймын.

– Көңілім толмайды. Шабуыл мүлдем жоқ. 0-21 Ойыншыларын өзгерту керек, меніңше.

Үшінші кезең де жергілікті команда үшін сәтсіз болды. 20 минут бойы сеңделіп жүрген хоккейшілер шайба салудың орнына оны өткізіп алды. Кездесу нәтижесі 1:3.

Ильгиз Нуриев – «Құлагер» ХК капитаны:

– Мұндай кездесулерді қорытындылау өте қиын, тіпті ұят дер едім. Әрбір команда мүшесінің біздің эмблема, құрама мен СҚО үшін ойнағанын қалаймын. Бір маусымда ғана өнер көрсетіп емес, “Құлагер” үшін жанын беруге даяр болса, матч нәтижесі мүлдем басқа болар еді. Маусым біткеннен соң, барлығын саралап, бір түйін шығарармыз. Шыны керек, өте өкінішті.

“Құлагер” командасының келесі кездесуі ақпанның 10-ы, 11-і күндеріне жоспарлаған. Матч «Алматы» құрамасымен сырт алаңда өтетін болады.

Эльмира Садвокасова