Құқық қорғау органдары

Өңірде құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жүргізілді

Теріскейлік тәртіп сақшылары М.Жұмабаев және Қызылжар аудандарында құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған рейд шараларын өткізді. Оның барысында ішімдікке сылқия тойып алып, қоғамдық орындарда қыдырып жүрген 26 азамат құрықталды. Оның біреуі 21 жасқа толмаған болып шықты.

Сондай-ақ, полицейлер қоғамдық жерлерде темекі шеккен азаматтар мен тиісті уақытта үйінде отырмай, сот үкімін пысқырмаған шартты түрде сотталғандарды ұстады. Рейд барысында жасы 21-ге толмаған азаматтарға ішімдік сатқан дүкеншілер де құрықталды. Сатушылар олар өз жастарынан үлкен көрінгендіктен, құжаттарын сұратпадық деп ақталған. Бұл олқылық үшін дүкен қожайындары енді ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 200-ші бабына сәйкес 40 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

Култанов Байболат