Спорт

Петропавлда волейболдан әуесқойлар арасында турнир өтті

№17 орта мектепте ерлер арасында әуесқой волейболдан турнир өтті. 9 команда қатысқан доп додасына жоғары сынып оқушылары да, ересектер де ат салысты. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын жандардың сайысы мамыр айына дейін жалғасатын болады.

Ойын алаңына алғашқы болып “Қызылжар” мен “Арлан” волейболшылары шықты. Екі команда да жеңіске жету үшін барларын салуда. Алайда, кездесудің соңғы минуттарында ойын тізгінін қолға алған қызылжарлық спортшылар қарқындарын үдетіп, қарсыластарының жеңуіне мұрша бермеді. Тартысқа толы болған бұл ойында “Қызылжар” 2 де 1 есебімен жеңіске жетті.

Қайрат Сыздықов – “Қызылжар” құрамасының волейболшысы:

– Біз әлгінде “Арлан” волейболшыларымен ойнадық. Ойын өте тартымды өтті. Бұл турнирге дайындалып келдік.

Келесі болып 6-шы мектеп оқушылары мен “Искра” құрамасы бақ сынасты. Тәжірибелі ойыншылардан құралған “Искра” командасы бірден шабуылға көшіп, “Қожаберген жырау” құрамасының жеңуіне мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде, “Искра” волеболшылары 2 де 0 есебімен қарсыластарын ойсырата жеңді. Жеңілген ұжымда өнер көрсеткен Бауыржан Қапаров жіберген қателіктерді келесі ойында қайталамауға тырысамыз дейді. Волейболмен айналысқанына көп уақыт болмаса да жас тарланның қатысқан жарыстарында есеп жоқ.

Бауыржан Қапаров – “Қожаберген жырау” құрамасының волейболшысы:

 – Бүгін біз “Искра” құрамасына есе жіберіп алдық. Бірақ, келесі жолы ұтамыз деген ойдамын. Осы жолы тәжірибенің аздығынан жеңіліп қалдық.

Салауатты өмір салтын ұстанатындардың қатарын арттыру мақсатында өткізілген бұл турнирге ниет білдірген кез келген ерікті қатыса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша сайысқа аға буын өкілдері де ат салысуда.

Нұрдәулет Жақұлов – жарыс ұйымдастырушысы:

 – Бүгін, міне әуесқой волейболдан жарыс өтуде. Бұл турнирдің мақсаты – өңірімізде волейболды дамыту. Турнирге жастардан бөлек кәрілер де қатысуда.

Бірнеше құраманың басын қосқан бұл турнир мамыр айына дейін жалғаспақ. Ал жарыс аяқталған соң, жеңіске жеткен командаларға кубоктармен қатар, ақшалай сыйақы да табысталатын болады.