МТРА жаңалықтары

6637 әскери бөлімі сарбаздарының кезекті легі ант қабылдады

Қазақстан Республикасына қызмет етемін! Сенбі күні 6637 әскери бөлімінде Отан алдындағы парызын өтеп жүрген сарбаздардың кезекті легі ант қабылдады. Қарулы күштердің қатарына өте отыра, 140 жауынгер азаматтық борыштарын атқаруда адал болуға серт берді.

Петропавлдағы 6637 әскери бөліміне Айсұлу Доскеева Қостанайдан келген. Себебі, жар дегенде жалғыз ұлы Ерлан Қабантаев мына саптағы сарбаздардың арасында тұр. Ол Отан алдындағы жігіттік міндетін өтеуге желтоқсанның соңында кеткен. Бүгін әскери ант қабылдайды. Сондықтан, ананың көзі мөлдіреп, жүрегі елжіреп тұр.

Айсұлу Доскеева:

– Баламды кеткелі көрген жоқпын. Аман-есен мұнда келді, енді аман-есен үйге қайтса екен. Бәріміз күтіп отырмыз. Жүрегім ауырады, әрине. Бірақ, бәрі жақсы болсын.

Әрі толқып-толғанып, әрі мақтаныш сезімі кернеп тұрған туған-туысқандар мұнда бүгін өте көп. Қостанайдан бөлек, олар тағы Алматы, Шығыс Қазақстан және Атырау сынды солтүстіктен шалғай жатқан облыстардан ат терлетіп келген. Бірі ұлының, бірі немересінің, бірі бауырының Қарулы күштер қатарына өтіп, ант қабылдау рәсімін тамашалау үшін.

Бұл жәй ғана сөздер емес. Бұл антқа адал, сертке берік болу керек. Жауынгерлер жауапкершіліктің қаншалықты зор екенін жақсы түсінеді.

Өмірзақ Мавжетдинов – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің жауынгері:

– Өз халқыма, өз еліме, жеріме адал болуға ант етемін. Әскерге келіп, бір ай дың ішінде үйреніп кеттік. Қиын еш нәрсе жоқ.

Отан алдындағы борышын Ұлттық ұлан қатарында өтеп отырған бұл 140 жігіт туған өлкелеріне шамамен 11 айдан соң бұрынғыдай бозбала емес, нағыз ер жігіт болып оралады.

Саят Ермек