Балалар

Теріскейге ресейлік студенттік жасақ келді

Араға 60 жыл салып теріскей жеріне ресейлік студенттік жасақ келді. Бір апта бойына омбылық қыз-жігіттер М.Жұмабаев ауданының тұрғындарына қолғабыс етуде. Белсенділер Булаево қаласында өткен Жастар жылының ашылу салтанатына ортақтасып, жергілікті бойжеткен-бозбалалармен тәжірибелерімен де бөлісті.

Белсенді, ынталы, ұшқыр ойлы, амбициялы және заман ағымына сай. Залға М.Жұбабаев ауданының ең белсенді жастары жиылған. Биыл кейінгі ұрпақ өкілдері үшін ерекше есте қаларлық жыл болмақ. Олардың алдынан ашылып тұрған мүмкіндіктер мол.

Қайрат Омаров – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны. Ал, бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен біліктілік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Сондықтан да, мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі – жастар секторы. Сол себепті биылғы жыл – Жастар жылы деп жарияланды.

М.Жұмабаев ауданында 5 мыңға жуық жас бар. Олардың басым көпшілігі салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданып, мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысады. Ал, Темірлан мен Назар елдімекендіктерге нағыз қаһармандар ретінде танылды. Олар Успенько ауылында екі бірдей қарияны өрттен құтқарып алған. Көрсеткен ерліктері үшін қос батыр аудан әкімінің марапатына ие болды.

Назар Полубояринов – Успенько ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Біз Темірлан екеуміз бір үйден от шыққанын байқадық. Терезелердің бірі сынық екен. Сол арқылы баспана ішіне еніп, кереует жанында жатқан әжейді үйінен шығардық. Кейін қайтадан оралып, ер адамды далаға алып шықтық. Сол сәтте газ баллоны жарылып, тұрғын үйдің күлі көкке ұшты. Қызыл жалын сарайға көше бастағандықтан, біз онда тұрған төрт-түлікті де тез арада босаттық.

Қаңтардың 21-і елорда төрінде Жастар жылының ресми ашылу салтанаты өтті. Шараға республикамыздың түкпір-түкпірінен беткеұстар қыз-жігіттер жиылды. Солтүстік өңірін ауқымды жиында 5 бірдей делегат таныстырды. Елбасы Н.Назарбаевпен өткен кездесуде болғандардың бірі – М.Жұмабаев ауданының тұрғыны Ренат Дүйсекеев. Жас маман Хлебороб ауылында ветеринар болып жұмыс істейді. Бұл – дәрігердің Ұлт көшбасшысымен осымен екінші кездесуі. Президенттің айтқан әрбір сөзін, берген кеңесі мен жүктеген тапсырмасын бүгінде ол жергілікті жастарға жеткізуде.

Ренат Дүйсекеев – Хлебороб ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Мен ветеринар болып осымен 4-ші жыл жұмыс істеп келемін. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы қызметке тұрдым, мемлекет тарапынан қолдауға ие болдым. Өзімнің мамандығым ұнайды. Қалаға кету әлі ойымда жоқ. Себебі, елді мекеннің дамуына үлесімді қосқым келеді. Мұндай міндетті бізге Елбасы Н.Назарбаев та жүктеп отыр. Президентпен өткен кездесуден соң жұмысқа деген ынтам әлдеқайда арта түсті. Әрбір жасқа берер кеңесім – өз жолыңды таңдап, сол бағытта талмай еңбек ету қажет.

Өңірді абаттандырып, гүлденуіне 2018 жылы М.Жұмабаев ауданының 140 қыз-жігіті үлес қосқан. Бұл – демалыс уақытында облыс бойынша «Жасыл ел» жасағында екі қолға бір күрекпен қамтылғандардың әрбір бесіншісі. Олай болмағанда ше? Студенттік шақтан еңбек ету булаевтықтардың қанына сіңген. Тура 60 жыл бұрын құрылған ең алғашқы студенттік жасақ дәл осы қалада тұрақтап, жұмыс істепті. Сол кезде Мәскеуде оқыған 319 жас теріскейде жүргізілген құрылыс шаруаларына ат салысқан көрінеді. Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де ресейліктер бұл дәстүрді әлі жалғастыруда. Мерейтойлық датаға орай М.Жұмабаев ауданына Омбы қаласынан «Медведи» жасағы келді.

Никита Медведев – «Медведи» қарлы десант жасағының командирі, Омбы қаласы, РФ:

– Биылғы жыл барлық ресейлік студенттік жастар үшін мерейтойлық жыл болып отыр. Сондықтан, біз алғашқы жасақтың еңбек еткен жеріне келіп, жергілікті тұрғындарға көмек көрсетуді жөн санадық. 2 жыл бұрын жұмысын бастаған қарлы десантымызға 20 адам мүшелік етеді. Біздің мақсатымыз – қарияларға қолғабыс ету. Қарын күреп, су тасимыз. Сондай-ақ, балалар арасында түрлі жарыстар ұйымдастырып, кешкілік уақытта алау жағамыз.

Араға 60 жыл салып өздерінің ата-бабаларын жолын қуып келген студенттер 4 бірдей селолық округті аралап шығыпты. Әрбір ауыл тұрғындары оларды қуана қарсы алған. Жастар теріскейде ақпанның 4-іне дейін тұрақтамақ.

Эльмира Садвокасова