Спорт

Петропавлда грек-рим күресінен облыстық чемпионат өтті

Петропавлда жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен облыстық чемпионат өтті. Дәстүрлі жарысқа жергілікті мен өңірдің 5 ауданынан 90-ға тарта спортшы қатысты.

15, 16 және 17 жастағы жасөспірімдер 2 бірдей боз кілем үстінде күш сынасуда. Ортаға алғашқы болып шыққандардың бірі Мамлют ауданының өрені Сұңғат Байманов пен Аққайың ауданының спортшысы Андрей Тарахти. Палуандар 60 келі салмақ дәрежесі бойынша сынға түсуде. Екеуі де грек-рим күресімен 3 жыл көлемінде айналысып келеді. Алайда, осы жолы Сұңғат Баймановтың бағы жанып, 2 периодтың нәтижесі бойынша қарсыласынан 8:2 есебімен басым түсті.

Сұңғат Байманов – чемпионатқа қатысушы, Мамлют ауданы:

– Қарсыласым Смирново ауылынан келген. Менімен бірге жаттығу жасайды. Қарсыласым мықты болды. Мен күш салып, жеңіске жеттім. Осы салмақ дәрежесінде чемпион атанғым келеді.

Ал, петропавлдық Леон Измайлов болса 71 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетуде. 16 жастағы жеткіншек бірнеше әдіс қолданып, қарсыласының жауырынын жерге тигізуге тырысты. Алайда, қызыл жейдедегі палуан да оңай берілер емес. Спортшылар 1 период бойы бір-біріне дес бермеді. Ал, екінші бөлігінде Леон Измайловтың ойлағаны іске асып, палуан айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Леон Измайлов – чемпионатқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Кездесу өте тартысты өтті. Бапкерімнің берген кеңестерін тыңдап, қарсыласымның жауырынын жерге тигіздім. Осындай нәтижеге қол жеткізуге күнделікті жаттығулардың да орасан зор септігі тиді.

Жалпы, облыстық біріншілікке өңіріміздің 90-ға жуық өрені қатысып жатыр. Олар 12 салмақ дәрежесі бойынша күштерін сынайды. Жарыс соңында жеңімпаздар жекелей және жалпыкомандалық есеп бойынша марапатталады.

 

Молдир Шаяхмет