Мәдениет

Облыстық кітапханада Сәкен Жүнісовтың 85 жылдығына арналған әдеби кеш өтті

“Сұлу сөздің сүлейі”. С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада жерлесіміз Сәкен Жүнісовтың 85 жылдығына орай еске алуға арналған әдеби кеш өтті. Шара барысында дарынды жазушының өмірі жайлы баяндамалар мен шығармашылығынан үзінділер оқылды.

Сәкен Жүнісов 1934 жылы Қызылту ауданының (қазіргі Уәлиханов ауданы) Кішкенекөл ауылында дүниеге келген. Ол халық арасында прозаик, драматург, аса көрнекті жазушы, публицист және қоғам қайраткері ретінде танымал. Ел-жұрт талантты перзентін сан қырлы өнері үшін Сәкен сері деп атап кеткен екен. Дарынды жазушының көзі тірі болса, дәл осы күні 85 жасқа толатын еді.

Фирия Гайнутдинова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК ақпараттық-биографиялық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:

– Бүгін облыстық кітапханада “Сұлу сөздің сүлейі” атты кеш ұйымдастырылып отыр. Шараға қонақ ретінде ақын-жазушылар, ардагерлер мен студенттерді шақырдық. Әдеби кеш барысында Сәкен Жүнісов туралы кішігірім бейнеролик көрсетіледі. Сондай-ақ, жиынға арнайы келген елордалық мейман Баянғали Әлімжановтың “Сказ столетнего степняка” атты кітабының тұсаукесері өтеді.

Сәкен Жүнісов 25 жасынан шығармашылыққа бет бұрып, роман, проза және пьеса жаза бастаған. Ол өз замандастарының арасында ауқымды туындыларымен де, біртуар азаматтық болмысымен де ерекшеленетін дейді жиынға қатысушылар. Бүгінде жазушының жарыққа шыққан әрбір еңбегі халықтың жүрегіне жол тауып, рухани асыл қазынасына айналып отыр. Әсіресе, “Ақан сері” дилогиясы, “Аманай мен Заманай” романы және балаларға арналған “Сонарда” әңгімелер жинағы қазірдің өзінде жастар арасында кеңінен танымал.

Жанбай Қадыров – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ТжӘИ қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі:

– Бұл шығармалар өзіміздің студенттеріміздің арасында өте өзекті. Себебі, туындылар өзінің құндылығымен оқырманның ойынан шығады.

Әдеби кеш барысында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Ерасыл Тұрсын дарынды жазушының “Ақан сері” шығармашылығынан үзінді оқып берді.

Шара соңында жиналғандар шығармашыл тұлғаның еңбектері қойылған “Сан қырлы қаламгер” атты кітап көрмесін тамашалады.

 

Молдир Шаяхмет