Спорт

Кёрлингтен облыс біріншілігі өтуде

Солтүстік Қазақстанда кёрлингтің танымалдылығы артып келеді. Петропавлда 20 келілік тасты мұзда сырғанатып, межеге жеткізу спортынан аймақ біріншілігі өтуде. Бүгін облыс орталығынан және барлық аудандардан жиылған құрамалар соңғы іріктеу және жартылай финалдық кездесулер өткізді.

Алғашқы болып мұз айдынында Аққайың және Тимирязев аудандарының кёрлингшілері кездесті. Әр құрамада 6 ойыншыдан бар. Бірі бұл спорт түріне жаңадан келіп жатса, екіншілері – республикалық аренада өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі саңлақтар. Ойын ережесі бойынша әр құрама салмағы 20 келі болатын тасты сырғанатып, көк аймаққа жеткізуі тиіс. Бұл оңай шаруа емес, өйткені қателікке бой алдырсаң, тас діттеген жерден асып кетеді не жетпей қалады.

Вероника Буданцева, жарысқа қатысушы, Аққайың ауданы:

– Ең қиыны – тасты мұзбен сырғанату. Осы сәтте барынша жинақы болу керек. Кёрлингте ешқандай физикалық жүктеме жоқ, яғни шахматтағыдай баспен жұмыс істеу шарт. Дұрыс траектория таңдамасаң, тасың қисық кетеді.

Кёрлинг ойыны өтетін мұз жолағының ұзындығы – 43 метр және ол барлық стандарттарға сай етіп жасалған. Қазір облыстың былтырғы чемпиондары – есілдіктер Уәлиханов ауданының құрамасына қарсы ойнауда.

Бірақ, бұл жолы Уәлиханов ауданының кёрлингшілері 5:2 есебімен өткен жылдың үздік құрамасын тізе бүктіріп, жартылай финалға жолдама алды. Жалпы, кёрлингтен облыс біріншілігі Петропавлда осымен үшінші рет жалауын желбіретіп отыр. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жыл өткен сайын қатысушы командалардың саны көбеюде. Мәселен, бірінші чемпионатқа күллі облыстан небәрі 5 команда қатысса, биыл тіпті әр ауданнан бір-бір құрамадан келген. Яғни, бұл спорт түрінің жастар арасындағы танымалдылығы артуда.

Виктория Нистор, жарыс бас төрешісінің орынбасары:

– Әр құрамада 2 ұл және 2 қыз бала болады. Тағы қосымша екі спортшы бар. Негізі, бұл – іріктеу біріншілігі. Өзін жақсы қырынан танытқан спортшылар ақпанның 9-ы күні Алматыда бастау алатын жастар арасындағы ел біріншілігінде өнер көрсетеді.

Жарыс жеңімпаздары ақпанның 2-сі өтетін финалдық ойындарда анықталады.

 

Саят Ермек