МТРА жаңалықтары

Қала әкімінің қорытынды есептік кездесуі өтті

Көшеде электр жарығының жоқтығы, ескі баспана шатыры мен үй сыртына орнатылған камералардың жұмыс істемеуі. Мұның салдарынан тұрғындар іңір түссе болғаны қолшаммен жүреді, пәтерлерге су кетеді, тәртіп бұзғандар кейде табылмайды. Осы және өзге де өзекті мәселелер қала әкімі Марат Тасмағанбетовтың қорытынды есептік кездесуінде көтерілді. Жиынға өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов қатысты.

Есептік кездесу әдеттегі сценарий бойынша өрбіді. Алдымен қала әкімі Марат Тасмағанбетов ортаға шығып, былтырғы атқарылған істі қысқаша тұрғындарға жеткізді. Бұл баяндама халыққа жақсы таныс. Себебі, басшының сөзін теріскейліктер алдыңғы жиындарда естіді, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып-көрді. Сондықтан, болар көп бөгелмей орнына жайғасты. Кейін, өткен кездесулерде петропавлдықтардан жазбаша түрде түскен бірсыпыра сауалдарға жауап берді.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Ойқала шағын ауданындағы Павлов көшесіне суағарлар орнатылды. Бірақ, олар тазаланбайды. Біз өз күшімізбен су жолын күл-қоқыстан арылтқанымызбен, жолдағы құбырлар істі толық жүргізуге кедергі келтіріп тұр. Осы мәселені шешу көмектессеңіздер екен” деп бір тұрғын өтінішін жолдаған екен. Негізі, бұл проблеманы жақсы білеміз. Сондықтан, көктем келісімен жұмысқа жауапты компания өкілдері сіздерге міндетті түрде барады.

Тағы, қала әкіміне аулаға балалар алаңқайын орнату, үй маңын асфальттау, шіріген ағаштарды кесу, жолға тас төсеу, автобус бағытын өзгерту сынды сұрақтар жолданыпты. Марат Тасмағанбетов алдыңғы мәселелер облыстық бюжеттен бөлінетін қаржығы байланысты біртіндеп шешіледі деді. Ал, шаһар ішіндегі қоғамдық көліктердің қатынаулары келесі ведомствоаралық кеңесте қаралатындығын жеткізді. Кейін, кезек кездесуге келген жерлестерге берілді. Мұндағы ағайынның да айтары көп. Мәселен, Абай көшесі, 67 мекенжайында тұратын Светлана Шабанова әкімге бір емес бірнеше сұрақ қойды. Оның ішіндегі ең өзектісі ыстық суға қатысты болды.

Светлана Шабанова – қала тұрғыны:

– Жылыту маусымы аяқталады ма бірден ыстық су сөндіріледі. Кейін, кезекті маусым жеткенше жылы сусыз отырамыз. Мұндай жағдайдың қайталанғанына міне 3 жылдың жүзі болды. Осы мәселенің шешілгенін қалаймыз.

Бұл сұраққа “Петропавл жылу желілері” серіктестігінің директоры Андрей Калиничев жауап берді.

Андрей Калиничев – «Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры:

– 3 ай бойы ыстық сусыз отыр дегенді бірінші рет естіп тұрмын. Бұл жағдайдың алдын аламыз. Және жиналғандардың барлығына айтайын, алдағы уақытта қалада қандай жөндеу жұмыстары болса да 2 аптаның ішінде үйлерге ыстық су беріледі.

Есептік кездесуде жарыққа қатысты сұрақ та жолданды. Ол туралы Амангелді көшесінде тұратын Күлмән Мұстафина есімді нәзікжанды қойды.

Күлмән Мұстафина – қала тұрғыны:

– Измаилов пен Челюскин көшелерінің қилысында тұрамыз. Сол жерде, міне 20 жылдан бері жарық жоқ. Тастай қараңғыда балалар сабаққа барады, иттер жүреді. Жедел жәрдем келсе фонарикпен шығамыз.

Жерлесіміздің мәселесі жерде қалмайтын сыңайлы. Шаһар басшысы Марат Тасмағанбетов мекенжайды нақтылап сұрап, көмек көрсетіледі дегендей жақсы деп жауап қайырды. Ал, Халлида Сюжикаеваның базынасы ескірген шатырға қатысты. Азаматша Чкалов көшесіндегі 65-үйде тұрады екен. Осы үйдің төбесі тозыпты. Салдарынан пәтерге су кетіп жатқан көрінеді.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Өткен жылы 3 үйдің шатырын жаңарттық. Осы мәселе бойынша өтініш көп түсіп жатыр. Биыл ғимараттың төбесін ауыстыруға шамамен 150 млн теңге бөлінуі керек. Бірақ, ол ақша 4 нысанның шатырын жөндеуге кетеді. Сол себепті, күтуге тура келеді.

Ал, Светлана Голубь орнатылып, бірақ жұмыс істемей тұрған камераларға байланысты ойын айтты. Азаматшаның сөзінше былтыр Рижская, 22 мекенжайына бейнебақылау құралдары қойылыпты. Бірақ, олар іске қосылмаған. Бұл маңда ұрлық, шабуыл жасау, төбелес фактілері жиі орын алады екен. Кейбір жағдайларда тәртіп бұзғандар табылмапты да. Жерлесіміздің сауалы ескеріліп, жақын арада камерелар қосылатын болып шешілді. Тағы, жиында ортаға шыққан бұрынғы автобус жүргізушісі Константин Тимичёв жолаушылар тасымалындағы проблемаларды жайып салды.

Константин Тимичёв – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Қазіргі автобустардың жағдайы нашар. Жүргізушілер жалған жол-сапар парағымен жұмысқа шығады. Әрі барлық жақсы деген маршруттарды мемлекеттік органдар, қалалық әкімдік бөліп алған. Осыларға қыруар қаржы кетіп жатыр. Жүргізушілерге ешқандай жағдай жасалмаған. Көлік жөндейтін шеберлер болмағандықтан автобустарды өздеріне жөндеуге тура келеді.

Сауалды естіген Марат Тасмағанбетов жақында жолаушылар тасымалы бойынша жиын өтетіндігін айтып, соған осы мәселемен келуді шақырды. Бұл жағдайды өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов та бақылауына алатындығын айтты. Кейін аймақ басшысы кездесуді қорытындылап, үстіміздегі жылға арналған жоспармен бөлісті.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Былтыр аулаларды абаттандыру жұмыстарына рекордтық 600 млн теңге бөлдік. Қыруар қаржыға біраз шаруа атқарылды. Бірақ, барлық үй маңдары қамтылмады. Биыл енді осы іске тағы 500 млн теңге беріледі. Балаларға арналған 50 ойын және 10 футбол алаңын орнатамыз. Береке ықшам ауданындағы көшелерді кеңейтуге қаражат бөлінеді. Қалада ескі үйлер мен дүңгіршектерді сүру жұмыстары жалғасады. Ол жерлерде жаңадан баспана салынады. Оның бәрі халықтың игілігі үшін жасалып жатыр. Көгалдандыру жұмыстарына қарқын қосамыз. Наурыз айында ескірген ағаштарды кесіп, орнына сәуірде жаңадан көшет егіледі.

Жалпы, шаһар әкімінің қорытынды есептік кездесуі 2 жарым сағаттан аса уақытқа созылды. Жиында сұрақтарын қойып үлгермеген тұрғындар шара соңында облыс және қала басшылармен жеке кездесіп, толғандырған базыналарын жеткізе алды.

Култанов Байболат