МТРА жаңалықтары

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманың жобасы талқыланды

Бүгіндері елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жер-жерде тиісті жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайту үшін өз-өзіне қызмет көрсету орталықтары құрылуда. Қазіргі таңда өңірде осындай 600-ге жуық мекеме бар.

Жалпы, жүргізілген сауалнамаға сәйкес солтүстікқазақстандықтардың 86 пайызының мемлекеттік органдардың жұмысына көңілі толатын көрінеді. Бұл билік өкілдеріне деген сенімді білдіреді деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненко. Бармақ басты, көз қыстылықпен күрес жұмыстарын қоғам өкілдері де белсенді атқарып келеді. Оған дәлел ретінде өткен жылы қабылданған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы келтіруге болады. Мемлекеттік қызметкерлермен бірлесіп әзірленген жоба кей заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістерде көрініс тапқан.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Айтылған ұсыныстар мен баяндамада көрсетілген кей қағидалар 4 заң мен 20-ға жуық актіге енгізілді. Бұл біздің дұрыс бағытта жұмыс жасап жатқандығымызды көрсетеді. Өйткені, департамент тұрмыстық жемқорлық фактілерімен күрес жүргізіп, мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуін қадағалайды. Ұлттық баяндамада Петропавлда құрылған «Ашық әкімдік» жобасы мысал ретінде көрсетілген. Тың жаңашылдық мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдетіп, тұрғындарға да ыңғайлы болып отыр.

 

Магжан Ахмадина