Балалар

Ұрпақтар сабақтастығы

Ұрпақтар сабақтастығы. Өңірдегі білім ошақтары аға буын өкілдерімен бірге сәтті жұмыс атқаруда. Қос тарап бірлесіп патриоттық іс-шаралар мен тағылымы мол кездесулер ұйымдастырып келеді.

Тарихын білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр болады. Ата-балалардың жасаған ерліктерін құрметтемей, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра етпей қазіргіні құрып, келешекті болжау мүмкін емес. Сол себепті, балғындардың бойында патриоттық сезімді мектеп қабырғасынан бастап тәрбиелеу қажет дейді ардагерлер кеңесінің мүшелері. Бұндай жұмыс өңірдегі білім ошақтарында жүйелі түрде жүргізілуде. Шаруаға аға буын өкілдері де белсенді ат салысып келеді. Себебі, дәл осы жандар 20-ғасырдың қиын-қыстау кезеңдері мен тәуелсіз Қазақстанның құрылуын өз көзімен көрген болатын. Олардың жас ұрпаққа айтары да, берері де мол екені сөзсіз.

Жангелді Тәжин – Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп пен әл-Фараби атындағы №18 мектептердің осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары мол. Олардың атқарған шаруаларымен бүгін өзге білім ошақтарымен таныстырамыз.

Аталған білім ошақтарында бастауыш ардагерлер ұйымымен бірлесіп атқарылған жұмыс ауыз толтырып айтарлықтай. Толайым істер 23-ші орта мектеп жанындағы «Жас Арлан» әскери-патриоттық клубында да тындырылуда. Өткен жылдың қыркүйек айында ашылған орталықтағы үйірмелерге қазір 70-тен астам оқушы барады екен.

Эрик Тәттібаев – «Жас Арлан» әскери-патриоттық клубының жетекшісі:

– Бізде балаларға арналған үш бағыт бар. Бұл – алғашқы әскери дайындық, жалпыфизикалық дайындық пен шығыс жекпе-жегі. Бапкерлер мен мұғалімдердің барлығы – өз ісінің білікті мамандары. Жаттығулар күн сайын 3 мәрте өткізіледі. Сенбі күні оқушыларды жинап, екі топқа бөліп, дайындаймыз. Үйірмелер тегін жұмыс істейді.

Шара соңында білім ошақтарымен бірлесіп жұмыс істейтін бастауыш ардагерлер ұйымына ҰОС мен тыл еңбеккерлері туралы жазылған кітап пен оқушыларға арналған өсиетнама табысталды.

 

Эльмира Садвокасова