Қоғам

Петропавлдық отбасы ұлттық нақыштағы саябақтың үлгісін әзірледі

Ұстаз, ата-ана және бала қиялынан туындаған дүние. әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушысы Нұржан Шәміл мұғалімінің бастамасы, ата-анасының көмегімен ұлттық нақыштағы саябақтың үлгісін жасап шығарды.

Гүлнар Темірболатова – “әл-Фараби” мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі. Білікті ұстаз былтыр өзі жетекшілік ететін сынып оқушыларының ата-аналарын шақырып, жиналыс өткізіпті. Сонда педагог әке-шеше мен бала арасындағы шығармашылықты дамыту жайын ортаға салған екен.

Гүлнар Темірболатова – “әл-Фараби” мектеп-лицейінің мұғалімі:

– Сол ата-аналар жиналысынан кейін менде мынандай ұсыныс пайда болды. Мен ата-аналарға біздің балалар өте дарынды, қабілетті екендігін айттым. Сондықтан, осы балалардың шығырмашылығын дамыту мақсатында бірге жоба дайындасақ қалай болады деген ұсыныс тасталды.

Ұстаздың ұсынысын Нұржан Шәмілдің ата-анасы бірден қабыл алыпты. Олар ұлдарымен бірге мынандай керемет саябақтың үлгісін әзірлеуді бастаған. Мәселен, отағасы Жанболат Нұрмағамбетов сымнан – ағаштарды, күн энергиясынан қуыт алып жарық беретін бағаналарды жасаған. Ал анасы орындықтарды, гүл өсетін аумақты әзірлепті. Нұржан болса жұмсақ губканы жасыл түске бояп маңайын көркейткен. Кейін, отбасы мүшелері ортаға тілек алтыбақанын орнатыпты. Соңында Нұржанның әпкесі демалыс орнына Қозы Көрпеш-Баян сұлу атауын берген.

Жанболат Нұрмағамбетов – Нұржан Шәмілдің әкесі:

– Саябақты күн сайын жұмыстан келгеннен кейін бірге жасайтынбыз. Іске 1-2 сағатымызды арнап отырдық. Нәтижесінде мынандай керемет жоба әзірленді. Өзім электрик болғаннан кейін жарық бағаналарына сым тартып, электр энергиясын қостым. Мұндай еңбек баланың шығармашылығын арттырады, қолөнерге деген қызығушылығын оятады.

8 жастағы Нұржан Шәміл ата-анасымен бірлесіп әзірлеген туынды көңілден шыққанын айтады. Ол енді Қызылжарда дәл осындай ұлттық нақыштағы саябақ салынса екен дейді.

Нұржан Шәміл – “әл-Фараби” мектеп-лицейінің 2-сынып оқушысы:

– Бұл саябаққа адамдар демалуға, суретке түсуге келеді. Олар таза ауамен демалады. Осындай саябақ қалада салынса, қаламыз әдемі болады.

Мұнымен өнерлі отбасы тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта жанұя мүшелері ұстаздар қауымымен тығыз байланыста болып, түрлі қызықты дүниелерді жасамақ ниетте.

 

Култанов Байболат