Мәдениет

Петропавлда театр студиясы жұмысын бастады

Енді Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театры жасөспірімдерді актерлік шеберлікке баулитын болады. Бүгін мәдениет ошағында балалар театр студиясы жұмысын бастады. Қазірдің өзінде бұл үйірмеге 40 жеткіншек барып жүр.

Жертөледегі ескі дайындық залы бүгінде жөндеу көріп, адам танымастай өзгерген. Жаңартылған бөлмеде қазір жаңа театр студиясының тәрбиеленушілері өздерінің алғашқы сабақтарын алуда. Сөз өнері мен сахнадағы еркіндікке оларды тәжірибелі актриса Ирина Пашкина үйретіп жатыр.

Ирина Пашкина – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының жетекші актрисасы:

– Менің театр сахнасында жүргеніме жуырда 25 жыл толады. Осы уақыт ішінде білген-түйгенім мол. Тәжірибеммен балалармен қуана-қуана бөлісетін боламын. Әсіресе, сахнадағы қимыл-қозғалыс мәдениеті, актерлік шеберлік пен шешендік өнерге басымдық бермекпін.

Театр студиясына 10 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер қабылданады. Әзірге, актерлік шеберлікті меңгеруге 40 шақты ұл мен қыз ниет білдірген. Солардың бірі -МәдинА Бакина. Негізі, колледжде оқып жатқан мамандығы – педагог. Бірақ, аудитория алдында сөз сөйлеуге сәл қысыламын дейді. Курстарға, ең алдымен, осы қорқынышын жеңу үшін жазылған.

Мәдина Бакина – театр студиясының тәрбиеленушісі:

– Сахнаға шыққанда қатты қобалжимын. Өзімді еркін ұстауға үйренгім келеді. Өз ойымды орамды тілмен жеткізіп, қысылмай сөйлеуді қалаймын. Мұғалім үшін бұл өте маңызды ғой. Сондықтан, театр студиясы маған көмектеседі деген ойдамын.

Ал 11 жасар Дмитрий Прохоров, керісінше, өзін болашақта театр сахнасынан басқа жерде елестетпейді. Актер болғым келеді дейді.

Дмитрий Прохоров – театр студиясының тәрбиеленушсі:

– Бұл – менің арманым. Ол туралы анама айтқан едім, “Қалада театр студиясы ашылып жатыр, барасың ба?” деді. Ойланбастан “иә” деп жауап бердім. Алғашқы сабақтан алып жатқан әсерім керемет.

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының 130 жылдық тарихы бар. Мұндағы қойылымдар халық арасында үлкен танымалдылыққа ие. Сол себепті, жұртшылық театр жанынан балаларға арналған бір үйірме ашуды баяғыдан бері сұрап жүрген екен. Бұйымтайды орындау енді ғана мүмкін болған.

Елена Покрас – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Дайын зал болған жоқ, кейбір тәжірибелі актерлеріміз ұстаз міндетін атқарудан бас тартып жатты. Әйтеуір, биыл мәдениет басқармасы қаражат бөліп, Жастар жылында студия өз жұмысын бастады. Балалар жарты жыл бойы сабақ алады. Курстардың соңында қойылым әзірлеп, сахнаға шығады. Спектакльді театр режиссері Тимур Кәрімжановтың өзі қояды. Айта кеткен жөн, студия ақылы түрде жұмыс істейді.

Бір айда шамамен 5 мың теңге. Студия қабырғасындағы 12 сабақтың құны осындай. Жеткіншектер мұнда аптасына үш рет келетін болады. Ал жарты жылдан соң олардың әрқайсысына курстардан өткенін дәлелдейтін сертификат беріледі. Жоғарғы сынып оқушыларына бұл құжат шығармашылық мамандықтарға оқуға түсерде сеп болмақ.

 

Саят Ермек