Денсаулық сақтау

Облыстық онкологиялық диспансерде жаңа сәулелік диагностика корпусы ашылды

Облыстық онкологиялық диспансерде жаңа корпус ашылды. Сәулелік диагностика бөлімшесінде рентген, ультрадыбыстық диагностика кабинеттері және патогистологиялық зертхана бар. Олардың барлығы заманауи құрылғылармен жабдықталған.

Сәулелік диагностика корпусының құрылысы 2017 жылдың желтоқсан айында басталған болатын. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 313 млн теңге қаржы бөлініпті. Емдеу орнының жалпы аумағы 2 мың 100 шаршы метрді құрайды. Ғимараттың 1-ші қабатында ультрадыбыстық диагностика, рентген жасайтын кабинет және патологоанатомиялық зертхана орналасқан. Барлығы 10-нан астам заманауи құрылғымен жабдықталған екен. Ол үшін 90 млн теңге қаржы жұмсалыпты. Жалпы, жаңа корпустың ашылуы бірқатар мәселелердің шешілуіне септігін тигізді дейді мамандар.

Ермек Әбдірімов – облыстық онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары:

– 2018 жылдың аяғында осы жаңа корпус жұмысын бастады. Бұрын хирургия корпусынан емханаға барғанша науқастарды далаға шығаруға мәжбүр болатын. Қазір енді олар корпустың ішімен жүреді.

Бұрын ескі корпуста орналасқан жансақтау бөлімшесі де жаңа нысанға көшірілді. Онымен қоса, бірқатар заманауи құрылғылармен толықтырылыпты. Енді науқастар бұрынғыдай балон арқылы емес, түтікшемен тыныс алатын болады. Бұл пациенттер үшін әлдеқайда ыңғайлы.

Сондай-ақ, мұндағы патогистологиялық бөлімше де 4 заманауи аппаратпен жабдықталған. Оның 2-уі – италияндық, қалғаны – швейцариялық және жапондық құрылғылар. Пациенттерге диагностика жасауға арналған аппараттардың көмегімен онкологиялық аурудың бар-жоғы қысқа уақыт ішінде анықталады. Бұрын бұл процесс 2 аптаға созылса, қазір қорытынды небәрі 4-5 күнде дайын болмақ.

Диляра Қайдарова – Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, Алматы қаласы:

– Солтүстік Қазақстан облысы онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі ісігі бойынша бірінші орында тұр. Бұл республикалық көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Басты себептердің бірі облыстың климаты, демографиялық жағдай мен диагнозды анықтауға жұмсалатын уақытқа байланысты. Ашылып отырған жаңа корпус науқастардың диагнозын тез арада анықтап, бірден емдеу шараларын бастауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде пациенттердің басқа жаққа жол жүрмей, уақыттарын үнемдеуге ықпалын тигізеді.

Облыстық онкологиялық диспансердегі жаңа корпустың ашылуына орай рентген және ультрадыбыстық диагностика кабинеттеріне қосымша мамандар алынған.

 

Молдир Шаяхмет