МТРА жаңалықтары

Өңірде “Қызылжар – адалдық алаңы” жобасы қолға алынған

Өңірде өткен жылдың желтоқсан айында “Қызылжар – адалдық алаңы” жобасы қолға алынды. Басты мақсат – сыбайлас жемқорлықпен күрес және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру. Бүгінде жоба аясында арнайы топтар құрылып, бірқатар іс-шаралар өткізілуде.

“Қызылжар-адалдық алаңы” жобасы аясында еріктілерден бірнеше топ құрылған. Олар 6 бағыт бойынша жұмыс істейді. Яғни, әр дүйсенбі сайын түрлі сала өкілдерімен кездесіп, туындаған мәселелер бойынша көмек көрсетеді. Осындай ең алғашқы жиын қаңтардың 21-і күні ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлерімен өтіпті. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар “Интегро” серіктестігімен бірлесіп “Қоғамдық бақылаудың интерактивті картасын” жүзеге асырмақ.

Екатерина Старостина – “Қызылжар-адалдық алаңы” жобасының жетекшісі:

– Тұрғындар интерактивті карта арқылы алғаш рет бюджеттік шығындар туралы мәліметтерді біліп отырады. Осыған орай “Интегро” серіктестігі арнайы сайт пен мобильдік қосымшаны іске қосуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, брифинг барысында мемлекеттік қызметкерлердің этикасы мен құқықтары жайлы сөз қозғалды. Өткен жылы Әдеп жөніндегі кеңестің 12 отырысы өтіп, 97 сұрақ қаралған. Оның ішінде 9 маман кеңеске өз құқығын қорғау мақсатымен жүгінген екен. 4-уінің мәселесі оң шешімін тауыпты.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Мәселен, өткен жылы ауыл шаруашылығы басқармасының маманынан сауықтыру жәрдемақысының 2 қызметтік жалақы көлемінде төленбегені жайлы шағым келіп түсті. Осы мәселе бойынша тексеру жүргізіліп, қызметкерге барлық тиісті сома төленді.

Жиын соңында брифингіге шақырылған спикерлер түгендеу жұмыстарының қорытындысына тоқталып өтті. Былтыр бұл бақылау түрі 600-ге жуық мемлекеттік мекемеде жүргізілген екен. Нәтижесінде 22 мыңнан астам шаршы метр орынның мақсатсыз пайдаланып келгені анықталып, олардың тек 3,5 мыңы ғана оңтайландырылуға жарамды деп табылған. Осы орайда мемлекеттік қаржы есебінен жыл сайын 16,7 млн теңге үнемделмек.

 

 

Молдир Шаяхмет